Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғибратқа толы ғақлия

Ғибратқа толы ғақлия

Қазақ елінің тарихына көз жүгіртсек аузы дуалы, сөзі уәлі жандардың аз болмағанын байқаймыз. Олардың арасында қалам ұстап, дауды шешкендері де, атқа қонып, жауға шапқандары да бар. Бірақ барлығының мақсаты біреу еді. Ол – қазақ халқының болашағын жарқын ету. Міне, осынау мақсатқа жету үшін қаншама ұлт зиялылары мен арыстары тер төкті. Ұрпақ игілігі үшін қолына қалам алып, ұлт болып ұйысуға, жұрт болып жұмылуға шақырды. Ағартушылар «Білімсіздің күні ғаріп» деп көпшіліктің сауатын ашып, ілім үйретті. Жазушылар сол заманның ащы шындығын бейнелеп кітап жазса, ақындар өлең-жыры арқылы биліктен көзіне шел басқан жандарды сынға алды. Иә, өткен ғасырда зиялылардың басты қаруы қалам болды. Әсіресе, Абай Құнанбайұлының.

Бүгінде ұлы ақынның есімі мұқым қазаққа танымал. Жоқ. Күллі түркі әлеміне танымал десек дұрысырақ болатын шығар. Өйткені, Абай жалғыз жанрда ғана қалам тербеген жоқ. Ол тек қазақ ұлтындағы мәселені ғана көрсетпеді. Абай жер бетіндегі адамдардың барлығына ортақ мінез бен қасиетті жіпке тізгендей айтып берді. Әсіресе, қара сөздерінде. Иә, Абайдың өлеңдері мен аудармалары бір төбе болса, ғақлиясы бір төбе. Оның шығармаларының әрқайсысы сан түрлі ойға жетелейді, алайда, қара сөздеріндегі ғибрат тереңде жатыр. Оның астарында шындық бар. Бұл туралы жазушы Мұхтар Әуезов «Абайдың өз тұсындағы күнделікті өмір шындығына қолма қол қатынасып, жәрдем етсем деген талабын көрсетеді. Өлеңдік шығармаларында өз заманының шындықтарымен қолма қол байланысты болып, оны сынау арқылы пайдалы іс етемін деген ақын, қара сөзінде сол әлеуметтік-әкімшілік қалпына нақтылап араласқысы келеді» дейді. Осыдан-ақ Абай өз заманын әбден сынға алғанын байқауға болады. Сол себептен шығар, қара сөздер ақынның даналық дүниетанымын даралап көрсетеді.
Жалпы Абай қара сөздерін 1890-1898 жылдары аралығында жазған. Бұл ақынның философиялық еңбегі және ой толғамы ретінде көпшілікке таныс. Қалам мен қағазды серік еткен Абай қара сөзді жазу туралы да айта кеткен. Оның бірінші қара сөзінде «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» деуі соның айғағы. Осылайша хакім Абай 45 қара сөздің авторы атанады. Кейбір жерлерде қара сөздер жинағы «ғақлия» деп те аталады. Бірақ Абай тек бір тақырыпты қаузамайды. Ол бір сөзінде мақтаншақтық хақында айтса, енді бір сөзінде иман жайлы айтады. Бұдан бөлек қазақ халқының сөз қоржынындағы мақалдарды да кеңінен талдайды. Міне, адам өмірінде кездесетін әртүрлі жағдайларды осылай сипаттайды. Оқырманына ғибратқа толы өсиет айтып, жақсылық пен оқу-білімге шақырады. Жамандық пен жалқаулықтан жирендіріп, еңбексүйгіштікке баулиды. Мәселен, үшінші қара сөзін алайықшы. Онда «Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» деген емес пе? Осы шағын үзіндінің өзі оқыған жанның санасына сілкініс сыйламай ма? Алға қарай ұмтылуына мотивация бермейді ме? Өйткені, дәл осы қара сөзі жалқаулықтың қандай жағдайға душар ететінін баяндап тұр. Ал бесінші қара сөзінде «Әуелі Құдайға сыйынып, екінші қайратыңа сүйеніп еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді құр тастамайды» деп еңбекті Құдайдан кейін екінші орынға қояды. Сонымен бірге Абай еңбектің шыңы егін салушылық пен білім алушылық деп тұжырым жасайды.
Жалпы Абайдың әр шығармасы халықты білім мен ғылымға, еңбек пен адалдыққа шақырады. Десек те көпшілікке қара сөзбен айтқан өсиет жүрекке жақын келеді. Өйткені, қара сөз еркін оймен жазылып, оқырманға өз аузымен айтып тұрғандай әсер қалдырады. Сондықтан біз қара сөзді жай ғана шығарма деп емес, үлкен мәнге ие туынды деп қарастыруымыз керек. Бұлай деуімізге бір жағынан ғалым және саясаткер Ғ.Есімнің қара сөздер туралы айтқан пікірі себеп. Ол «Қара сөз» дегеннің мағынасына сараптама жасап, талдап берген. Ғ.Есім Абайдың ғақлиясы жөнінде «Абай ойына келген нәрселерін еркін айту үшін өзі арнайы жанр ойлап тапқан. Ол – сөз жанры. Ақынның қара сөздері – нағыз еркін ойдың жанры. Мұнда ешқандай бір дәстүрге, тәсілге бағынушылық жоқ. Ой еркін айтылған, мазмұн өзіне лайықты форма тапқан. Көптеген философтар ойларын формаға бағындырып немесе жүйе құрып әуре болғанын білеміз. Абай болса, ондай істермен айналыспаған, өзінің айтқысы келген ойларын еркін білдірген. Абай ашқан «сөз» жанры өкінішке қарай, қазақ мәдениетінде өріс алмады. Сірә, оған кінәлі Шәкәрім тілімен айтсақ, «нақтылы ойдың» заманы болса керек. Адам өз ойындағысын айтқаны үшін кінәлі болған заманда, әрине, сөз жанрының өрістеуі, Абай дәстүрін жалғастыруы мүмкін емес. Абай дәстүрі, яғни сөз жанры бүгінде жаңғырып, жалғасуы керек, оған алғышарт бар. Қазіргі плюрализм деп жүргеніміз, кезінде Абай қолданған ойлау тәсілі» деп баға береді.
Бір сөзбен айтқанда, Абайдың ғибратқа толы ғақлиясы адамның жандүниесіне нұрын шашқан күн сәулесі секілді. Олардың ішкі мазмұны бірін-бірін толықтырып, бірін-бірі жіпсіз байланыстырып тұр. Сондықтан оны оқыған адам нәпсі мен қанағаттың, адал мен арамның аражігін ажырата алады.
Міне, ұлтымыз үшін, ұрпағымыз үшін мол мұра қалдырған ұлы ақынның биыл 175 жылдық мерейтойы. Рухани байлықты бәрінен биік қойған қазақ елі бұл айтулы датаны ескерусіз қалдырмайтыны анық. Дегенмен осы тұста ұлы ақынның қара сөздерін естен шығармасақ екен. Өлеңдерін жатқа оқудан жарыс өтетіні секілді қара сөздеріне де арнайы бағытталған байқау немесе шара ұйымдастырылса деген ұсыныс бар бізде. Егер хакім Абайдың қара сөздерін әрбір қазақ ой елегінен өткізіп, жүрегіне жеткізсе, егеменді елдің ертеңі әлдеқайда жарқын болар еді?!

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА


14 қаңтар 2020 ж. 795 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930