Көркемсөз өнері жеңіспен оралды
Жыл сайын көркемсөз шеберлері арасында Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының шығармаларын оқудан аудандық, облыстық, республикалық кезеңдерден тұратын байқау ұйымдастыру дәстүрге айналған.
Биылғы шара тұлғаның 175 жылдық мерейтойы аясында өтті. Сондықтан да болар жылдағыға қарағанда байқауға қызығушылық танытқандар мен қатысуға ниеттілер көп болды. Олардың қатарында Бала би ауылындағы №50 мектептің түлегі – Айсана Әшімхан да бар. Бала күнінен кітапқұмар болып өскен ол, қазақ ақын-жазушыларының туындыларымен ерте танысып бастайды. Әсіресе, Абай өлеңдерін тілге қиын болғанына қарамастан, бастауыш сыныпта оқып жүріп-ақ бірнешеуін жаттап алған. Оған мектептегі мұғалімдері де себеп болса керек.
Шығармашыл жас бүгінде жоғары оқу орнын қаржы саласы бойынша аяқтап шықты. Дегенмен, бала кездегі сүйікті ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылығын зерттеп, жаттаудан қол үзген жоқ. Себебі ол Айсананың сүйікті ісі.
23 жастағы Айсана Айтқазықызы бұған дейін Абай Құнанбайұлының – 175 жылдығына орай Қызылорда қаласында өткен көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауынан Гран-При жеңіп, республикаға жолдама алған болатын. Шығармашылығын шыңдап, тыңғылықты дайындалған Айсана жуырда Талдықорған қаласында ұйымдастырылған республикалық байқауға қатысып, ІІІ орынды қанжығалап қайтты.
Жүлдемен оралған жас өнерпазды кеше аудан әкімі Әшім Оразбекұлы қабылдады. Жеңісімен құттықтаған аудан басшысы Айсанаға «шабытың артып, бағындырар белесің көп болсын, ауданның атын асқақтата бер» деген тілегін білдірді.
– Әрине, мен Абай шығармаларының бәрімен танысып үлгерген жоқпын. Ұлы ақынның әлеміне саяхат жасап шығу үшін бүкіл ғұмырыңды арнау керек шығар. Байқауда Абай өлеңдерін нақышына келтіріп айтатын жүйріктердің арасында жасқанғаным рас. Бірақ қорқынышымды басып, сахнаға шыққанда өлеңді жан-тәніммен, жүрек тебіренісімен оқып бердім. Қазылар алқасы байқаған болар, ІІІ орынды жеңіп алдым, – дейді А.Әшімхан.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ