Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәдениет саласына серпін керек

Мәдениет саласына серпін керек

Елдің рухани дамуы мен кемелденуі үшін ең маңыздысы мәдениет саласы екені мәлім. Құлақтан кіріп бойды алар тәтті ән мен күмбірлеген күй, әуезді әуенмен үйлесім тапқан ырғақты би, рухани байлық сыйлайтын театр, кітапхана бәрі де осы мәдениет ұғымы аясында бірігіп, елге қызмет етіп келеді. Мәдениет негізі – еңбек. Еңбек неғұрлым күрделі болған сайын, мәдениет те жаңа сипат алып отырады. Мәдениет адамсыз жасалмайды. Адам дамуы мәдениетке байланысты. Тек осы өзара тәуелдікті анықтай алғанда ғана мәдениеттің адамзат тарихында, адам өмірінде алатын орнын түсінуге болады. Сондай-ақ мәдениет адамды тұлға деңгейіне дейін көтеретін негізгі құрал болып саналады.

Шиелі ауданы ән мен жырдың, даңқты, дарынды ұл мен қыздың ордасы деп бағалануы бекер емес. Мәдениет саласында шоқтығы биік Нартай Бекежановтың өзі бір төбе. Бүгінгі таңда кино өнерінде жұлдызы жанған Нұрлан Қоянбаев та осы киелі өңірдің тумасы. Сондықтан болар төрінде күй күмбірлеп, ән мен жыр әуелеген құтты мекен саналады. Алайда, соңғы кездері жарқ етіп жаңаша сипатта өткен мәдени шараны жұрт аузына алғанын естімедік. Оған себеп мәдениет саласы қызметкерлерінің мардымсыз жалақысы болар деп бағамдадық. Дегенмен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе, жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды» деп айлық табысын арттыруды тапсырды. Осы кезге дейін бұл мәселе биік мінберлерде талай көтерілді. Мәжілісмендер мен сенаторлардың да салмақты пікіріне айнала білді. Қанша рет қоғамдық талқылауға түссе де, бұл санаттағы қызметкерлердің мардымсыз жалақысы жоғарылаған жоқ. Жұрттың айлығына алты ай сайын ақша қосылса да, олардың маңдай тері ештеңемен, еш теңгемен өлшене қоймады. Сонда да үмітін үзбестен, ел руханияты үшін адал еңбегін артық көрмей жүрген жандар үшін жағымды жаңалық биылғы жылдан бастау алды. Осылайша еңсені басқан еңбек ақының мәселесі шешілді. Ал бұл жаңалық мәдениет саласына жаңашылдық алып келе ме екен?
Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ж.Отарбаева: «Биылғы жоспар Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты Абай жылының ашылу салтанатымен бастау алады. Ұлы тұлғаның сан қырын ашу мақсатында қойылымдар мен түрлі шаралар ұйымдастырылатын болады. Жалпы 9 облыстық, 1 республикалық ғылыми-танымдық конференция мен 1 республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылады деп күтілуде. Одан бөлек Ұлы Жеңістің – 75, Әбу-Насыр Әл-Фарабидің – 1150, Н.Бекежановтың 130 жылдығы аясында біршама іс-шаралар өтеді. Сондай-ақ жергілікті ақындардың сөзіне жазылған Шиелі туралы әндерді қайта жаңғырту мақсатында облыстық іс-шара өткізуді де ойластырудамыз. Одан бөлек О.Бодықовтың «Қанжар мен домбыра» атты спектаклінің премиясы және аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Халық театрының» көршілес аудандарға гостролдік сапары бар» деп жіліктің майын шаққандай биылғы жылдың жоспарын айтып берді.
Иә, биылғы жыл елеулі даталарға толы. Осы орайда өткізілетін мәдени шаралардың да ауқымы кеңи түспек. Оны мәдениет саласы қызметкерінің сөзінен де аңғардық. Демек атқарылар жұмыс көп. Алайда, бірсарынды шаралар халықты шаршатпай ма? Одан бөлек жылдағы үрдіспен өтетін «Әз-Наурыз», «Алтын күз» мерекесінде биыл елді елітер ерекшелік бола ма? Бұл күнде дауысын алдын-ала таспаға басқан қойылымға көңіл бұрып қарайтын адам қалмады. Қолын оңды-солды сермеген жай әртістен, сөзін ұмытса да жанды дауыспен жүрекке жеткізе сөйлеген шын әртістің қойылымы өтімдірек емес пе? Әрі осы күнге дейін сахнаға етін үйретіп, түрлі шараға қатысып жүрген өнерпаздың қабілеті де шыңдала түсер еді. Қанша жылдан бері сахна төрінде ән шырқап жүрген 10-ға тарта әнші «фонограммасыз» ән айтса, шынайылықтың иісі шыққан мәдениет үйінің көрермендері де көбейеді. Біздікі «Пах» деп таңдай қағар бір іс-шара өтсе, бір жылдық еңбектің еш кетпей еленуіне сеп болар еді деген ой ғана. Сонымен қатар жоғарыда айтып өткеніміздей, ақын, ғұлама, жазушылардың мерейтойы қарсаңында түрлі шығармаларынан, сатира саңлақтарының әдемі әзілдерін сахналаса бәріміз қалмай барушы едік. Ай сайын болмаса да, тоқсанына бір мәрте ұйымдастырылған қойылымға аз-маз ақысын қойса, мәдениеттің қажетіне жарар шамалы қаржы да жиналмақ. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, жаттанды сценарий, таспаға басылған дауыспен емес, дамыған заманда жаңашылдықпен, рухани жаңғырумен еңбектің еселене түсерін ойласақ.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
01 ақпан 2020 ж. 1 294 0