Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнер шиелімен шектелмейді

Өнер шиелімен шектелмейді




Құлақтан кіріп, бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй,
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй, – деп Хакім Абай ән құдіретін бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген. Иә, қазақтың әні мен күйі – халқымыздың ықылым заманнан бері қалыптасқан, еш жұтамайтын асыл қазынасы. Ұлттың бекзат болмысы мен арғы-бергі тарихынан сыр шертетін шежіресі. Ән арқылы көңілдегі алуан сезімді жеткізіп, жүректің нәзік қылын шертуге, тіпті бойдағы мұң-шерді шығаруға болады. Демек әркімнің таласы бар өлең өнерін киелі десек қате емес. Бірақ сол өнерді бойына дарытып, абыроймен алып жүрген жандар саусақпен санарлық. Қазақтың барлығы «әу» десе де, құлақ құрышын қандырып, әнді нақышына келтіре орындайтын өнерпаздары сирек бүгінде. Әсіресе, қос ішекті аспапты серік етіп, ұлттық өнерді ұлықтап жүргендерді халық алыстан бірден танымайды. Керісінше той төрінде шырқап, эфирден түспейтін эстрада жұлдыздарын жатқа біледі. Біздің әңгімеміз де осы тұрғысында болмақ.
Қазір не көп, отырыс-жиын, той көп. Сол тойда ән салып, нәпақасын тауып жүрген әнші көп. Тіпті кейбіреулері бір емес, бірнеше тойға бас сұғып, өз өнерін ортаға салады. Той арқылы танылғандарды көпшілік кәсіби әнші деп ойламауы да мүмкін. Себебі, олар өзінің тырнақалды туындысын емес, өзгенің жазған мәтіні мен музыкасын орындайды. Соның бір мысалы – Сүйрік Қалдарова.
Жүрекпен шырқап, сызылта салатын әнімен аудан халқына таныс Сүйрік кезінде вокал сыныбына барып, талай жарыстан жүлделі оралған. Қазіргі таңда да аймақтық, аудандық одан қалды республикалық байқаудан бас бәйгені бермей жүрген өнерпаз. Бір өкініштісі сандуғаштай сайраған Сүйріктің талантын тек тойшыл қауым тамашалап жүр. Екі күннің бірінде мейрамханада ән салатын ол:
– Қазіргі таңда шоу бизнестен той бизнес алда жүр. Тойға шығып, материалдық жағдайыңды қамтамасыз ете аласың. Бұл менің жұмысым десем де болады, – дейді. Ал бейнебаян түсіріп, өз әнін жарыққа шығару тұрғысында:
– Бүгіндері клип түсіріп, оны экранға шығару да оңай шаруа емес. Ол үшін мол тәжірибе, қомақты қаржы керек. Иә, сансыз жұлдыздар тоймен ғана шектеліп жүр. Олардың арасында күміс көмей, жез таңдай әншілер жетерлік. Бірақ барлығының бағы жанып кетуіне қаражат кедергі, – дейді.
Осыған қарап, қалтаның қамы талай әншіні сахна төріне шығармай тұсаулап отыр деген ойға қаласыз. Алайда, ән өнерін бизнеске балап, оның құдіретін күнкөріс үшін пайдаланып жүргендері де бар. Олар әдетте есті емес, есер әнді айтып, лезде танылып кетеді. Міне, жарқ етіп шығып, арада біраз уақыт өткен соң жоқ болып кететін осындай әнші сымақтар нағыз өнер иесінің алдын орайды. Әйтпесе, әнмен егіз туған елімізде тыңдағанда көңіліңді өсіретін әншілер жоқ емес қой. Оларды бұғанасы қатпаған кезінен «Бұлақ көрсең көзін аш» деп өнерге баулитын үйірмелер де жетерлік. Мысалы, Шиелі ауданындағы оқушылар үйін алайық. Мұнда балаларды өнер мен білімге баулитын жиырмадан асып жығылатын үйірме бар. Оның ішінде «Халық биі», «Балдәурен», «Домбыра» сынды үйірмелер бүлдіршіндердің қанатын қомдап, өнер әлемінде биікке самғауына мүмкіндік жасайды. Керек десеңіз, директор Бауыржан Әбішевтің өзі балаларды бақылауында ұстап, үйірмені тәмамдаған соң жөн сілтейді. Осы орайда Бауыржан Әлтайұлы «ЖОО-на түсіп, ән мен бидің киесін ұғынып жүрген жастар бар» деп көңілімізді бір марқайтып қойды. Тағы бір қуанарлық жайт, аталған мекеме балаларды тегін оқытады.
Кентте бұдан бөлек Нартай өнер мектебінің орны бір төбе. Бір кездері Махамбет, Шернияз, Құрманай, Доғалақ, Сүйінбай, Дулат, Тұрмағамбеттер салып кеткен сара жолды осы өнер мектебі жалғастырып отыр. Жыраулық дәстүрді жалғаған мектеп Б.Қабылұлы мен Т.Қалмағанбетовтің және халықтың ән-жырын үйтереді. Сондай-ақ М.Тұрсанов атындағы ақындар үйірмесі де жүйелі жұмыс істеп отыр. Үйірмеге қатысатын оқушылардың жалпы саны – 33. Солардың ішінде оқ бойы оза шауып, шаршы топта өнерімен танылып жүргендер де жоқ емес. Айқын Төлеген, Дидар Сүгірәлиев, Досхан Нұрланұлы – соның айғағы. Демек болашақта Шиелінің жарық жұлдызына айналып, аудан аспанында әнмен әуелейтін жарық жұлдыздар – осы. Әрине, олар да той бизнесін бірінші орынға қойып кетпесе... Ойға оралған осы пайым жөнінде ­Нартай өнер мектебінің директоры Мұхамедәлі Бекпейісовтің пікірін білдік. Ол:
– Әкем марқұм Құрманбек Бекпейіс «Әнші екіге бөлінеді. Бірі – топтың әншісі, екіншісі – көптің әншісі» деп айтып отыратын. Көптің әншісі болу әрине, оңай емес. Оған үлкен еңбек, талант, қажыр-қайрат керек деп ойлаймын. Пенде болған соң жеңіл жағына жүгіретініміз жасырын емес. Көпке топырақ шашпаймын. Көп өнерпаз осы ауыр жолды таңдай бермейді. Өнерімнің қадірін білетін жер болса, біз де шығамыз. Бірақ оны бірінші кезекке қойған емеспін. Менің ойымша, өнерге тазалық керек, – деп ағынан жарылды.
Қазақ сахнасы заман талабы мен тыңдарман қалауына сай қазір екіге бөлінгені жасырын емес. Бірі – аяғы жерге тимей билететін той әнін құп көрсе, екіншілері көңілге түрлі ой салатын дәстүрлі әнді еліте тыңдайды. Бірақ қайсысының ұлт жадында жоғалмай сақталатынын халық шешеді. Дәл сол сияқты қандай әншінің сахнада сән құратынына да ел төреші. Не десек те, исі қазақтың әнге етене жақындығы ала бөтен ғой. Тек бойына өнер дарыған жандардың таланты тойға ғана арналмаса екен. Әнші жерлестерімізді біз де биіктен көріп, «Пах, шіркін!» деп мақтауымызға қосқымыз келеді.

Маржан
БОЛАТҚЫЗЫ
10 тамыз 2019 ж. 563 0