Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Домбыраның тиегінде мәңгілік ел қайнары

Домбыраның тиегінде мәңгілік ел қайнары


Шілденің алғашқы жексенбісінде аталып өтетін «Ұлттық домбыра күні» қазақтың ұлттық домбыра күні киесі мен қазынасына айналған аспаптың күмбірлеген үні айрықша естілген күн. Елбасы Н.Назарбаев жарлыққа қол қойып, ұлттық құндылықты ұлықтап, оны дәріптеудің даңғыл жолын салып берді. Тұңғыш Президенттің қасиетті қара домбыраға айрықша мән беруі бекер емес. Себебі, қасиетті аспап Ұлы дала елінде ерте заманнан бері жасап келе жатыр. Ғалымдардың дерегіне сүйенсек, жетісудағы Майтөбеден берісі 4 мың, арысы 6 мың жылдықты қамтитын домбыраның суреті бар таңбалы тас табылған. Ал Алтайдан табылған көне домбыра біздің дәуірімізден бұрынғы 5 ғасырға тиесілі. Осыдан-ақ, Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасын мекендеген қазақ жұртының домбырамен ер жетіп, ес жиғанын аңғаруға болады.

Биыл қазақстандықтардың айы оңынан туып, қос мереке қатар келіп отыр. Оның бірі – Елорданың туған күні. Осыдан он үш жыл бұрын қол қойылған жарлыққа сәйкес 6 шілде – ресми түрде мерекелік күн деп бекітілді. Сол сәттен бастап республиканың әр аймағында айтулы шаралар ұйымдастырылып келеді. Мұндай мерекелік күндерді атап өтуден Шиелі ауданы да қалыс қалған емес.
«Нағыз қазақ – домбыра», «Ұлы даланың Елордасы». Міне осындай тақырыппен өткен жұмада қос мереке аталып өтті. Аталмыш күнге орай Көкшоқы елді мекеніндегі «Арман» мәдениет үйінде жарасқан концерт ұйымдастырылды. Ұлы даланың музыкалық аспабы домбыраның құдіретін келешек ұрпақтың санасына сіңіруді мақсат еткен мерекелік шарада аудан әкімі Ә.Оразбекұлы сөз алып, жиналған қауымға жылы лебізін арнап, қатар келген қуанышпен құттықтады.
Көңілді кешті күмбірлеген күйімен Әділбек Тәшімов әрмен қарай жалғастырды. Ол ұлттық өнерді ұлықтай білген ұлтқа сахна төрінде тұрып, қос ішекті аспаптың құдіретін көрсетті. Ал «Сарлы саз» фольклорлық ансамблі сыршыл шертпе күйлерімен тыңдаушысын жігерлендірді. Олар өз кезегінде қазақ музыка өнерінің інжу-маржаны Әлшекейдің күйі «Терісқақпай» мен Құрманғазының күйі «Адайды» толқыта, төгілтіп орындады. Аталған кеште ұлттық аспаптың заманауи музыка өнеріне бейімделгенін халық «Фламинго» композициясынан көре алды. Ауданға белгілі М.Дүйсебай, Г.Әбілова, С.Көрегенов, А.Есімов, А.Досмағанбетов сынды күміс көмей әншілер бас қаланың бейнесін, көрікті көрінісін әсем әнмен жеткізді.
Жиналған қауым мың бұралған бишілердің өнерін тамашалап, күмбірлеген күймен құлақ құрышын қандырып, өнерпаздарға ризашылығын білдірді. Халқымыз домбыраға үкі тағып, төріне ілген, күйшіні төредей күтіп, төбесіне көтерген. Айтулы қос мереке осы құрметтің қазақтың қанында әлі де бар екенін тағы бір рет дәлелдеді.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА

10 шілде 2019 ж. 1 303 0