Құдырет бар қос ішектің тілінде («Сыр бойы» газеті)
Елбасы Н.Назарбаевтың шілденің алғашқы жексенбісін Ұлттық домбыра күні мерекесі деп белгілеу туралы Жарлыққа қол қоюы барша қазақтың рухын тағы бір биікке көтерді. Жаңа, жарқын мерекеміздің тойы биыл 1-шілдеге сәйкес келіп отыр, деп жазады «Сыр бойы» газеті.
Қазаққа домбыра туралы әлдеқандай түсінік беріп жатудың қажеті шамалы. Қасиетті аспап тарихымызбен бірге жасасып келе жатқан шежіре-әпсанамыз. Домбыра – біздің жанымызды тазартып, жүрегіміздің дүрсілімен қатар соққан ғажайып үн.
Нар идірген, құс қондырған, бұлт көшірген бұл домбыра – жабыққанның жан серігі, қуанғанның қос қанаты. Қазақтың жан-жүйесінің қылын домбырадай қозғаған басқа бір нәрсенің атын атау қиын.
«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр ақын қалай дөп айтып кеткен десеңізші!
Шіркін, Құрманғазының күйлері «Адай», «Айжан-ай», «Көбік шашқан», «Қайран, шешем», «Балбырауын» …
«Балбырауынды» естігенде қазақ ғана емес, қазақты білмейтін басқа жұрттың баласы да өзінің қалай балқып отырғанын білмей қалады. Құрманғазы атамыз осы күйді Браун деген неміс ұлығын бал жасап күтіп жатқан орыс патшасының сарайында шығарған дейді. Әрине, бұл күй қонақтың дәрежесіне айтылған мадақ емес, қазақ деген дауылпаз дала жұртының мінезі мен болмысын паш еткен туынды болатын! Орыс ұлықтарының алдына бару сәтін пайдаланып, күйші халқымызға тән батырлық рухты суреттеп берген.
Домбыра тілі аударманы қажетсінбейді, саналы адамзаттың бәріне бірдей тілмен сөйлейді. Ұлының өлімін күй арқылы естіген қаһарлы Шынғысхан көмекейіңе қорғасын құйып бітейін дегенде күмбірі одан сайын күшейе түскен домбыраның киесі жайында айтып тауысу мүмкін емес.
Елбасымыз өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа, рухани тереңдікке тәрбиелеу мәселесіне «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айрықша назар аудартқан болатын. Домбыра секілді басқа ешбір музыкалық аспап ұлтымызды бір мақсатқа біріктіріп, рухымызды көтере аламайтыны рас.
Кереңнің құлағын естіртіп, зағиптың көзін ашатын қасиетті домбыраның қадірін кейінгі ұрпақтың санасына өшпестей етіп сіңіру –мәңгілік ел мұратының бірі. Аталарымыз осы аманатты бабалардан бері бізге жеткізді, біз кейінгіге қастерлеп беруге тиіспіз.
Ұлттық домбыра күні мерекесінің мәні де – осы.
Baq.kz