Сан ғасырдыңсипатын сыңғыр үнменжеткізген
Қазақ халқы үшін домбыраның орны ерекше. Әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген бойында қазақтың қаны бар қандастарымыз домбыра үнін ерекше толғаныспен тыңдап, оны өзінің бүкіл асыл ойының қазынасындай сезінері хақ. Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы, қасиетті аспабы – домбыра. Оның сымдай тартылған қос ішегінде сан ғасырдың ақыл-ойы, көңіл-күйі жатыр. Ата-бабаларымыз басынан кешірген небір қилы заманда осы ұлы домбыра сазы арқылы көңіл-күйлері мен түрлі жайттарды жеткізе білді.
Жуырда Ы.Жақаев ауылында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астананың 20, Қызылорда қаласының 200, Шиелі ауданының 90 жылдық мерейтойларына орай «Қазағымның үні сенсің, домбыра!» тақырыбында байқау өтті. Алдымен, сайыстың әділ бағасын беретін төрешілер көпшілікке таныстырылды.
Алғаш рет ұйымдастырылып отырған кештің мақсаты – жастарға осынау аспаптың қадір-қасиетін ұғындырып, патриоттық және рухани-адамгершілік тәрбие беру, ұлттық мәдени құндылықтарды насихаттау, домбырада ойнауды насихаттау және дарынды оқушыларға қолдау көрсету болды.
Шараның шымылдығы облысқа аты мәшһүр күйші Тынысбек Дүйсебековтің ізгі ықыласымен түрілді. Сөйтіп, ә дегеннен ұлттық аспаптың дауысына, шанағынан төгілетін қоңыр үннің күмбіріне қанығатын кеш басталып та кетті. Бес топ қатысқан бәсті байқаудың екі кезеңінде де жас домбырашылар өз өнерлерін салып бақты. Халық күйлері, Құрманғазы мен Динаның, Н.Тілендиев пен Л.Хамидидің күйлері жарысқа жиылған жұрттың құлақ құрышын қандырды. Айта кетейік, байқауға қатысушылар екі кезеңде де еркін тақырыпта көсілді.
Нәтижесінде, қазылар алқасының шешімімен «Арман» мәдениет үйі және Ақмая ауылының өнерпаздары III орынды өзара бөліссе, II орын Бәйгеқұмның күйшілерінің қанжығасына байланды. Жиделілік жас домбырашылар I орынды еншілесе, Жақаевтың өрендері байқау жеңімпазы болып танылды. Байқау жүлдегерлері дипломдармен, шағын естелік сыйлықтармен марапатталды. Кеш соңында қазылар алқасының төрағасы Д.Тынысбеков сөз алып, байқаудың маңызын, оқушылардың шебер орындаушылығын әңгімелеп, олардан үлкен үміт күтетіндігін жеткізді.
Білгің келсе біздің жайды содан сұратек қана,
Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана.
Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра,
Қазақ-нағыз қазақ емес нағыз қазақ домбыра... – деп ақын Қадыр Мырзалиев қазақ халқының бүкіл ерекше қасиеттерін тізбелей келіп, қазақтың нағыз болмысы осынау қос ішекте екендігін атап көрсеткен еді. Әрине, бұл – қазақтың өзімен бірге жасасып келе жатқан қасиетті қара домбыраға берілген үлкен баға. Десек те, сол домбыраның өзін өмірге әкеліп, адамша сөйлетіп қойған қазақ емес пе?! Қазақ домбыраның иесі ғана емес, киесі де.
Иә, осы орайда, біздер Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Жарлығымен шілденің бірінші жексенбісі ұлттық домбыра күні болып белгіленгенін сүйіншілеп жеткізгіміз келеді. Енді сан ғасырдың сипатын сыңғыр үнмен жеткізген ұлттық аспапты ұлықтау шарасы дәстүрлі түрде осы күні мерекеленбек. Демек, алдағы күндері осы мазмұндағы шаралардың легі артады деген сөз.
Дина ЖҮСІПОВА.