Сан ғасырдың сипатын сыңғыр үнмен жеткізген
Қазақ халқы үшін домбыраның орны ерекше. Ен даладағы қазақтың қай-қайсысы да домбыраның үніне жан-тәнімен беріліп, оны өзінің бүкіл асыл ойының қазынасындай сезінеді. Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы, қасиетті аспабы – домбыра. Оның сымдай тартылған қос ішегінде сан ғасырдың ақыл - ойы көңіл күйі жатыр. Ата-бабаларымыз басынан кешірген не бір қилы заманда осы ұлы домбыра сазы арқылы көңіл-күйлері мен түрлі жайттарды жеткізе білді.
Ы.Жақаев ауылында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астананың 20, Қызылорда қаласының 200, Шиелі ауданының 90 жылдық мерейтойларына орай «Қазағымның үні сенсің, домбыра!» тақырыбында байқау өтті. Алдымен, сайыстың әділ бағасын беретін төрешілер көпшілікке таныстырылды.
Алғаш рет ұйымдастырылып отырған кештің мақсаты осынау аспаптың қадір-қасиетін ұғындырып, патриоттық және рухани-адамгершілік тәрбие беру, ұлттық мәдени құндылықтарды насихаттау, домбырада ойнауды насихаттау және дарынды оқушыларға қолдау көрсету болды.
Шараның шымылдығы облысқа аты мәшһүр күйші Тынысбек Дүйсебековтің ізгі ықыласымен түрілді. Сөйтіп, ә дегенше ұлттық аспаптың дауысына, шанағынан төгілетін қоңыр үннің күмбіріне қанығатын кеш басталып та кетті. Бес топ қатысқан бәсті байқаудың екі кезеңінде де жас домбырашылар өз өнерлерін салып бақты. Халық күйлері, Құрманғазы мен Динаның, Н.Тілендиев пен Л.Хамидидің күйлері жарысқа жиылған жұрттың құлақ құрышын қандырды. Айта кетейік, байқауға қатысушылар екі кезеңде де еркін тақырыпта көсілді.
Нәтижесінде, қазылар алқасының шешімімен «Арман» мәдениет үйінің өнерпаздары III орын алса, II орын Ақмая және Бәйгеқұмның күйшілерінің қанжығасына байланды. Жиеделілік жас домбырашылар I орынды еншілесе, Жақаевтың өрендері байқау жеңімпазы болып танылды. Байқау жүлдегерлері дипломдермен, шағын естелік сыйлықтармен мараппаталды. Байқау соңында қазылар алқасының төрағасы Д.Тынысбеков сөз алып, байқаудың маңызын, оқушылардың шебер орындаушылығын әңгімелеп, олардан үлкен үміт күтетіндігін жеткізді.
Білгің келсе біздің жайды содан сұра тек қана,
Одан асқан жоқ шежіре,одан асқан жоқ дана.
Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра,
Қазақ-нағыз қазақ емес нағыз қазақ домбыра...
– депақын Қадыр Мырзалиев қазақ халқының бүкіл ерекше қасиеттерін тізбелей келіп, қазақтың нағыз болмысы осынау қос ішекте екендігін атап көрсеткен еді. Әрине, бұл – қазақтың өзімен бірге жасасып келе жатқан қасиетті қара домбыраға берілген үлкен баға. Десек те, сол домбыраның өзін өмірге әкеліп, адамша сөйлетіп қойған қазақ емес пе?! Қазақ домбыраның иесі ғана емес, киесі де.
Иә, осы орайда, біздер Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Жарлығымен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгілендігін сүйіншілеп жеткізгіміз келеді. Енді сан ғасырдың сипатын сыңғыр үнмен жеткізген ұлттық аспапты ұлықтау шарасы дәстүрлі түрде осы күні мерекеленбек. Демек, алдағы күндері осы мазмұндағы шаралардың легі артады деген сөз.
Дина ЖҮСІПОВА.