Шиеліде қобызшылар байқауы өтті
Дана халқымыздың «Сөз жеткізеді, сөз жеткізе алмағанды саз жеткізеді» деген тәмсілі бекер айтылмаса керек. Иә, саз өнері қазақ халқы үшін қашан да биік. Әсіресе, сан ғасырлар өтсе де сыры мен сынын жоғалтпай, саф алтындай сақталып келген қазақтың асыл мұрасы – қобыз аспабының құны жоғары. Ал оны дәріптеу – ел рухын көтереді. Жуырда ұлттық өнерді дамыту, дәстүрлі өнерпаздардың шығармашылығын насихаттау және оларға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде «Қобыз сарыны – Шиелі төрінде» атты облыстық қыл қобызшылар байқауы өтті.
Ұлттық мұраның бәсін асқақтатар байқау Шиелі ауданының құрылғанына 95 жыл толуына орай, сондай-ақ «Ұлағатты ұрпақ» жобасы аясында дәулескер күйші, қобызшы Ықылас Дүкенұлының 180 жылдығына арналып ұйымдастырылды. Оған бірқатар сала мамандары мен аудан өнерпаздары қатысты. Сондай-ақ аталған байқауға Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары коледжіндегі қыл қобыз сыныбының оқытушысы Тоқтар Ағыраев, Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығының «Дәстүрлі өнер» бөлімінің меңгерушісі Майра Сәрсенбаева, және Нартай Бекежанов ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Нартай сазы» халықтық фольклорлық ансамблінің жетекшісі Рысалды Махмұтәлиқызы қазылық етті. Ел рухын көтеретін қобызшылар байқауында 10-14 және 15-17 жас аралығындағы жас өнерпаздар екі көзең бойынша өзара додаға түсті.
Қатысушылар алғашқы кезеңде бабалар қалдырған мәңгілік мұраны насихаттаса, екінші кезеңде өз қалаулары бойынша Қорқыт, Ықылас және тағы да басқа қазақ композиторларының шығармашылығынан күй орындады. Екі кезең бойынша бақ сынасқан қобызшылар бір-бірінен қалыс қалмай, сайыс алаңын қыздыра түсті. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар деп танылғандар ел ықыласына бөленді. Бас жүлдені Шиелі ауданының намысын қорғаған Аяру Сұлтанбек пен Қызылорда қаласының абыройын асқақтатқан Динара Әбуова жеңіп алды. Бірінші орын Амангелді Бейбарыс, Айшолпан Амантай, Ақниет Бөлеген есімді өнерпаздарға бұйырды. Екінші орынды Шадияр Жақсығұлов пен Айша Мейрамбекқызы қанжығалады. Ал үшінші орынға Жансая Шерәлі, Перизат Мейірланқызы, және Нұрсая Қанибекова жайғасты. Байқау соңында барша жеңімпаздар мен қатысушыларға арнайы сыйлықтар мен алғыс хаттар берілді.