Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘЙЕЛ БАРДА БИІКПІЗ ҺӘМ БҮТІНБІЗ

ӘЙЕЛ БАРДА БИІКПІЗ ҺӘМ БҮТІНБІЗ

Өнер – халықты эстетикалық мәдениет пен адамгершілікке тәрбиелеудің аса маңызды құралы. Кез келген ел өнерімен бағаланып, сараланады десек, қателеспейміз. Жауқазын жастармен қатар үлкендер де, соның ішінде ақ жаулықты аналардың өнерге деген риясыз махаббатын көргенде тамсанасыз. Әсіресе, ақ кимешек киген әжеге қарап, бір көңілің жібіп қалады. Міне, сондай өнегелі көрініс Көкшоқы мөлтек ауданында болды.
Сәрсенбіде Шиелі ауданы әкімдігінің қолдауымен, «Арман» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Әжелер салған ән қандай!» атты әжелер ансамблінің республикалық байқауы өтті. Шараға 6 ансамбль қатысып, бақ сынады. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген әжелер, тамылжыта ән шырқап, көпшілікті тамсандырды. Әуелі республикалық әжелер ансамблінің байқауын ашып беру үшін аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұловқа сөз берілді. – Иә, ана бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді. Ал ұлттың алтын қоры – ана мен бала. Олай болса, 8 ¬наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай ұйымдастырылған бұл байқау көпке үлгі деп білемін. Өйткені әжелер салған дана жолда ұрпақтар өседі, жақсы тәлім-тәрбие алады, – деді. Ән – бүкіл сана-сезіміңді баурап алып жеткізе алатын құдіретті қасиетке ие. Ал әжелердің салған әндері мүлдем бөлек болды. Бұлбұлдай сайрап, гүлдей құлпырған ақ жаулықтылар сахнаның сәнін келтіріп тұрды. Шынында, еліміздің өсіп-өркендеуіне, халқымыздың бейбіт өмір кешуіне үлес қосқан ардагер аналарымыздың қоғамдағы беделін көтеру – оларға қолдау көрсету, ұлттық өнерді насихаттау, ұлттық моральдық тазалықты жастардың бойына сіңіру арқылы жан-жақты үйлесімді дамыған тұлғаны тәрбиелеу. Ендігі кезекте байқаудың шарттары қандай болды? Соған қарай ойыссақ. Ансамбльдің құрамы 8-10 адамнан кем болмады. Қатысушы әжелердің жас ерекшеліктері 55 жастан жоғары болды. Сонымен қатар әндер кәсіби өңделген немесе түрлі музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен жанды ¬дауыста орындалды. Сайыс екі кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде бүгінгі күні ұмыт болып бара жатқан қазақтың халық әнінен бір ән орындалса, екінші кезеңде қазақ композиторларының бір әнін әуелетті. Айта кетейік, байқауға дәстүрлі әнші, қазылар алқасының төрайымы Ақмарал Ноғайбаева, аудандық өнер мектебінің баян және хор сыныбының мұғалімі Әнипа Мұсабаева мен қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев төрелік етіп, әжелерге ыстық ықыласын білдірді. Байқаудың нәтижесінде Павлодар облысынан келген, Қуат Әбусейітов атындағы мәдениет үйі «Сағым жылдар» әжелер ансамблі бас жүлдені жеңіп алса, І орынды Ұлытау облысы, Жезқазған қаласы «Ақ әжелер» ансамблі, ІІ орын Түркістан ¬облысы «Асыл әжелер» ансамблі мен Шиеліден «Арман – Асыл аналар» ансамблі қанжығалады. Ал ІІІ орынға Алматы облысы, Қарасай ауданының Ұмтыл ауылдық округі мәдениет үйінің «Парасат» ардагерлер хоры әжелер тобы мен Қызылорда облысы «Ақниет» әжелер ансамблі лайықты деп танылды. Осылайша, байқауда әжелер әуенді әндерді нақышына келтіре орындап, саз өнерінің иірімін ұштастырды.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
07 наурыз 2024 ж. 123 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930