Жауапкершілік жүгін арқалаған жас
Қоғам мен биліктің арасын жалғайтын алтын көпір – ақпарат. Ал сол ақпараттың дер кезінде, нақты әрі шынайы түрде халыққа жетуіне үлес қосатын мамандардың еңбегі қашанда ерекше құрметке лайық. Бүгінде мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуде баспасөз хатшыларының атқарып отырған жұмысы зор жауапкершілікті талап етеді. Осындай жауапты міндетті атқарып жүрген мамандардың еңбегі де кәсіби мерекеде ерекше айшықталады. Солардың бірі – аудан әкімінің баспасөз хатшысы Нұрболат Ділмұхамедұлы.Нұрболат Ділмұхамедұлы 2002 жылдың 25 сәуірінде Шиелі кентінде дүниеге келген. №47 М.Ломоносов атындағы қазақ орта мектебінде білім алып, мектеп қабырғасынан-ақ ізденімпаздығымен, жауапкершілігімен көзге түсті. Білімге деген құштарлығы оны Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне жетеледі. Мұнда 2019-2023 жылдар аралығында «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша жоғары білім алып, заманауи технологиялар мен цифрлық ақпарат саласының қыр-сырын меңгерді.
Еңбек жолын аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы бастап, мемлекеттік қызметтің алғашқы баспалдағынан өтті. Бұл кезең жас маманның кәсіби қалыптасуына, мемлекеттік қызметтің жауапкершілігін терең түсінуіне мол мүмкіндік берді. Ал 2025 жылдан бастап Нұрболат Ділмұхамедұлы аудан әкімінің баспасөз хатшысы қызметін атқарып келеді. Қысқа уақыт ішінде жауапкершілігімен және еңбекқорлығымен танылып, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды тұрғындарға жедел әрі сапалы жеткізу бағытында еңбек етіп келеді.
Баспасөз хатшысының жұмысы – тек ақпарат тарату ғана емес. Бұл – мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы ашық байланысты қалыптастыру, қоғамды шынайы әрі сенімді ақпаратпен қамтамасыз ету, ел ішіндегі игі бастамалар мен маңызды жобаларды халыққа кеңінен насихаттау. Осы міндеттердің үдесінен шығып жүрген жас маман ауданның қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғаларды әлеуметтік желілер арқылы жүйелі түрде жариялап, ақпараттық саясаттың тиімді жүзеге асуына өз үлесін қосуда.
Ақпарат саласы – ұқыптылық пен шапшаңдықты, сауаттылық пен табандылықты талап ететін ерекше орта. Осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген Нұрболатқа шығармашылық шабыт, кәсіби табыс пен толағай жетістіктер тілейміз. Ақпарат айдынында алар асуы биік, еңбегі жемісті болсын!
Г.ЯХИЯ







