Топ-баннер
Топ-баннер2
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Егіннің есебін еппен жүргізген маман

Егіннің есебін еппен жүргізген маман

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды тірегі, халықтың берекелі тіршілігінің негізі. Бұл салада еңбек ету үлкен жауапкершілікті, табандылықты және кәсіби біліктілікті талап етеді. Әсіресе табиғатпен тіл табысып, шаруалардың жұмысын үйлестіру, егіннің жай-күйін бақылау оңай шаруа емес. Осындай жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген жанның бірі – ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы ­Мәдина ­Кенжебаева.
Мәдина Қалжігітқызы 1992 жылдың 15 мамырында Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Балалық шағы мен мектеп жылдары Шиелі кентінде өтті. 1999-2010 жылдар аралығында №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінде білім алып, мектеп қабырғасында жүріп-ақ алғырлығымен, жауапкершілігімен көзге түсті. Болашақ мамандығын таңдауда да ауыл шаруашылығы саласына бет бұруы – туған жерге деген жанашырлық пен табиғатқа деген қызығушылықтың жемісі еді.
Осы мақсатпен 2010 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетіне оқуға түсіп, 2014 жылы «Өсімдік қорғау және карантин» мамандығы бойынша «ауыл шаруашылығы бакалавры» біліктілігін алып шықты. Университет қабырғасында алған білім мен тәжірибе оның кәсіби жолына берік негіз қалады. Өсімдік қорғау, егін шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы дақылдарын тиімді өсіру сияқты бағыттар бойынша терең білім алған жас маман туған өңіріне оралып, алған білімін ел игілігіне жұмсауды мақсат етті.
Еңбек жолын 2015 жылы Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде уақытша тіркеуші болып бастаған Мәдина аз уақыттың ішінде өзінің еңбекқорлығы мен жауапкершілігін көрсете білді. 2017 жылдан бастап «Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде бас маман қызметін атқарды. Ал 2023 жылдың 1 ақпанынан бастап аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы болып еңбек етіп келеді.
Қазіргі таңда ауданда 217 шаруа қожалығы егін шаруашылығымен айналысады. Оның ішінде 133 шаруашылық негізгі дақыл – күріш өсірумен шұғылданады. Осындай үлкен шаруашылықтардың жұмысын үйлестіру, олардың егіс жоспары, көлемі, дақылдарды әртараптандыру, суару тәсілдері мен ауыл шаруашылығына қатысты көптеген деректерді жинақтап, сараптап отыру – ­Мәдина Калжігітқызының негізгі міндетінің бірі.
Нәзік жанды болғанымен, ер-азаматтармен иық тіресе еңбек етіп жүрген Мадина осылайша екі жүзден аса шаруашылық жұмысының жүйелі жүруіне үлес қосып келеді. Әр шаруашылықтың жағдайын біліп, олардың мәселелерін тыңдап, тиісті мекемелермен байланыс орнату – оның кәсіби шеберлігінің бір көрінісі.
Шаруашылықтардан келіп түсетін мәліметтерді жүйелеп, нақты көрсеткіштерді қалыптастыру, егіс науқаны кезінде шаруалармен тығыз байланыста жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл салада бір ғана қателік көптеген адамның еңбегіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан әрбір дерекке мұқият қарап, әрбір жоспарды саралап, нақты жұмыс жүргізу қажет.
Сонымен қатар Мәдина Қалжігітқызы – үш баланың аяулы анасы. Қызмет пен отбасылық өмірді қатар алып жүру кез келген адам үшін оңай емес. Дегенмен ол ана ретіндегі жауапкершілікті де, қызметтегі міндетін де абыроймен атқарып келеді. Балаларына мейірімді ана, отбасына тірек бола отырып, қоғамдағы өз орнын да қалыптастырған жан.
Бүгінде ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген жастардың қатары артуда. Атап өтсек, кәсіби білімі мен тәжірибесін ұштастырып, туған жерінің дамуына үлес қосып жүрген Мәдина Калжігітқызы секілді мамандардың еңбегі ерекше.
Егін – елдің ырысы, жер – халықтың байлығы. Осы байлықты тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығының өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген мамандар барда ауылдың еңсесі биік, еңбектің берекесі мол болары сөзсіз.

Гүлхан ЯХИЯ
10 наурыз 2026 ж. 30 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№18 (9385)

07 наурыз 2026 ж.

№17 (9384)

03 наурыз 2026 ж.

№16 (9383)

28 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031