Конституция
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КАДР АРҚЫЛЫ ӨМІРДІ СӨЙЛЕТКЕН АДАМ

КАДР АРҚЫЛЫ ӨМІРДІ СӨЙЛЕТКЕН АДАМ

Уақытты тоқтату мүмкін емес. Десек те, кейбір қайталанбас сәттерді мәңгілік естелікке айналдыруға болады. Мұндай сиқыр тек шебер фотографтардың ғана қолынан келеді. Сондай өз ісінің хас шеберлерінің бірі – аудандық «Өскен өңір» газетінің фототілшісі, жиырма жылдан астам уақыт бойы фотоаппаратты жанына серік еткен Бақытжан Бәйімбет.
Бақытжан ағаның қолында фотоаппарат жай ғана суретке түсіретін құрал емес, жүрек пен жаныңды сөйлететін сиқырлы құрылғыға айналады. Шиелі ауданының тыныс-тіршілігін таспаға түсіріп келе жатқан фотографтың еңбегі бір тұтас дәуірдің шежіресі.
Бақытжан Бәйімбеттің әрбір суреті – бейнемен сөйлейтін тарих. Ауданымызда өткен сан алуан сәттер: мерекелік жиындар мен қарапайым күндер оның объективі арқылы эстетикалық мән мен мағынаға ие болады. Бір қарағанда, күнделікті жай тіршілік секілді ғана көрінетін кадрлар қас-қағым сәтте-ақ, баға жетпес мұраға айналып сала береді.
Оның шығармашылығында, әсіресе, Шиелінің көрікті тұстары, табиғаттың тылсым сәттері Бақытжанның назарынан тыс қалған емес. Таңғы шапақпен боялған аспан, кешкі күннің алтын нұрына малынған көне ғимараттар, желмен сыбдырлаған жапырақтар, жамыраған қой-қозы – мұның бәрі оның фотосуреттерінде ерекше бір жылулықпен көрініс табады. Ол табиғатты сезінеді, сөйлетеді. Бақытжан ағаның фотошығармашылығында портрет, пейжаз, интерьер, бәрі бар.
Қазіргі кезде суретке түсіру ермекке айналды. Сурет тілінің не екенін білмесек те, кадр түсіруге құмармыз. Әр смартфонда бір фотоаппарт бар. Жастар жақсы фотоны қымбат телефонның немесе заманауи техниканың нәтижесі деп ойлайды, Шын мәнінде, кәсіби фотография – үлкен білімді, тәжірибені, талғамды және төзімділікті қажет ететін өнер. Нағыз фотограф жарықтың түсуін, түстердің сәйкесітігін, түсірілетін нысанның ерекшелігін мұқият зерттейді. Бір ғана сәтті кадр алу үшін кейде бірнеше сағат, бірнеше күн дайындық жүргізуге тура келеді. Кәсіби фотограф – уақыттың шежіресі. Ол тарихи оқиғаларды, адамдардың қуанышы мен қайғысын, қоғам өміріндегі маңызды сәттерді келер ұрпаққа жеткізеді. Міне, біздің кейіпкеріміз Бақытжан ағай нағыз кәсіби фотограф. Бақытжанның болмысын тек фотосуретпен шектеу аздық етеді. Ол – әуесқой балықшы. Әуесқой балық аулау – табиғатпен етене жақын болуға мүмкіндік беретін қызықты демалыс түрі. Әуесқой балықшылар бос уақытында өзен-көлдерге барып, қармақпен балық аулап, тынығып қайтады.
Балық аулау – Бақытжан ағайдың тек хоббиі ғана емес, шыдамдылық пен ұқыптылықты талап ететін ерекше қасиеті. Ол табиғатты құрметтейді. Балық аулау адамға сабырлылық сыйлап, көңіл күйін көтереді. Көптеген адамдар үшін бұл – күнделікті күйбең тіршіліктен демалып, таза ауада уақыт өткізудің ең жақсы тәсілдерінің бірі. Міне, біздің Бақытжан ағай да табиғаттың қайталанбас көріністерін объективіне түсіріп, табиғаттың байлығын насихаттауға үлес қосып жүрген азамат.
Сонымен қатар Бақытжан ағай отбасында ардақты жан, ұл-қыздарына қамқор әке, мейірімді ата. Екі қыз, бір ұл өсіріп отырған отбасының тірегі. Жалпы Бақытжан Бәйімбет кадр арқылы өмірді сөйлеткен адам. Оның еңбектері – уақытпен үндесе таспаланған ескерткіш. Әрбір түсірілген сурет – бір тағдыр, бір сәт, бір тарих. Ал, сол тарихты көзбен көріп, жүрекпен сезіндіре білу – Бақытжан сияқты айналадағы сұлулықты жүрекпен сезе білетін шеберлердің ғана қолынан келсе керек.

Айнұр НАЗАРОВА
29 маусым 2026 ж. 45 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№48 (9415).

27 маусым 2026 ж.

№47 (9414)

23 маусым 2026 ж.

№46 (9413).

20 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930