ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР, ҚЫРАҒЫ ҚАҚПАШЫ
Қызығы мен қиындығы қатар жүретін, үнемі ізденісті, жауапкершілікті талап ететін редакция қызметкерлерінің қоғамда алатын орны ерекше. Үнемі халықпен біте қайнасып, солардың мұң-мұқтажын, тыныс-тіршілігін, қоғамда орын алған жайлардың жай-жапсарын дер уақытында жеткізіп отыратын тілшілердің еңбегі қай кезде де жоғары бағаланады. Тілшілік тіршіліктің жолында 27 жыл бойы қаламын ұштап, абыройлы еңбек етіп, орамды өткір ойларды сарапқа салып жүрген нар тұлғалы азаматтың бірегейі – Мақсұт Ибрашов.Бұқара мен биліктің арасында алтын көпірді жалғап жүрген азаматтың қаламынан туған әрбір мақаласы оқырман көңілінен шығып, көтерген ұсыныстары билік өкілдеріне жетіп, маңызды істердің мәселелері шешіліп келеді. Екі тілде еркін көсілетін Мақсұт Кеңесұлы – 1965 жылдың 7 қарашасында Шиелі кентінде дүниеге келген. Әкесі Кеңес Ибрашев «Главриссовхозстрой» мекемесінің №2 автобазасында шеберхана меңгерушісі, ал анасы Гүлнар Жағыпбарова аудандық тұтынушылар қоғамында сауда саласында еңбек еткен. Міне осындай қарапайым ғана адал бейнетпен өсіп-өркендеген жанұядан бүгінде елге есімі белгелі Мақсұт ағадай перзент келеді.
1977 жылы небәрі 12 жасында республикалық «Спорт» газетінде «Шабуылшылар шебер ойнаса екен» атты мақаласы жарық көрді. Бұл – жасөспірімнің үлкен журналистикаға жасаған алғашқы қадамы еді. Оқушы кезінен-ақ «Өскен өңір», «Қазақстан пионері» газеттерінде мақалалары үзбей жарияланып тұрды.
Мектеп бітіргеннен кейін де Мақсұт Ибрашев баспасөзбен байланысын үзген жоқ. Ол Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының «Студент» газетінің редакторы, Прибалтика әскери округінің «Боевое знамя» газетінің тілшісі қызметтерін атқарды. Кейінгі жылдары республикалық және облыстық басылымдарда – «Егемен Қазақстан», «Кызылординские вести», «Сыр бойы», «Өскен өңір», «Юридическая газета» және басқа да газеттерде көптеген мақаласы жарық көрді.
Тау тұлғалы бойына бірнеше қасиетті сыйдарған жан үлкенге құрмет көрсетіп, ініге ізет көрсету жолынан жаңылған жоқ. Оған әріптес болғалы бірнеше рет көзім жетті. Ағалық болмысқа, інілік ілтипатпен қызыға қараймыз. «Болмасаң да ұқсап бақ» деп хакім Абай атамыз айтпақшы жұртқа жұғымды қасиеттерін үлгі етіміз. Бүгін мен Мақсұт ағаның қаламгерлігімен қоса оның спортты жаны сүйетініне тоқталғым келіді. Жыл сайын БАҚ саласының мерекесіне орай Сыр бойында дәстүрлі түрде шағын футболдан журналистер арасында турнир өтеді. Мақсұт Кеңесұлы байрақты бәсекеден тыс қалған емес. Алпысты алқымдаса да арнайы спорттық киімі мен аяқ киімін арқалап жастармен иық тіресе озық ойын үлгісін көрсетеді.
Жуырда Евразия спорт кешенінде Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында БАҚ өкілдері арасында Сыр журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған белгілі журналист Сағитжан Бермағанбетовты еске алуға арналған облыстық дәстүрлі шағын футбол турнирі өтті. Сол байрақты бәсекеде «Сыр бойы» командасының ойыншысы Мақсұт Ибрашев «Үздік қақпашы» атанды. Қырағылығымен дараланған ағаның ойынын көрермен қауым сүйсіне қарады. Жанкүйерлік етті. Тосыннан келген түрлі соққыларды әп сәтте-ақ қайтарып, команда үшін соңына дейін озық ойын үлгісін үйлестірді. Біз де «бәрекелді» десіп әріптесіміз үшін қуанып, тақым қысып отырдық. Бұны ұйымдастырушылар тарапы да аңғарып, жарыс соңында арнайы номинацияны табыстады.
Міне бүгін біз айтып отырған Мақсұт ағаның тек бұл бір ғана қасиеті. Оның қаламгерлігі, еңбекқорлығы, әкелік, ағалық тұлғасы өзінше басқа әңгіме. Жақсы ағанның соңына ілескен біз тек шығармашылық табыс, зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз!
Мейіржан ИБРАГИМ







