Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЛАМЫНЫҢ ҰШЫНДА ЕЛ ҮНІ БАР

ҚАЛАМЫНЫҢ ҰШЫНДА ЕЛ ҮНІ БАР

Қай салада болсын елге адал қызмет ету – үлкен абырой. Ал сол халықтың үнін, тыныс-тіршілігін, қуанышы мен мәселесін қалың көпшілікке жеткізу журналистің басты мұраты. Осындай жауапты жолда табандылығымен танылып жүрген қалам иесінің бірі – Мақсұт Ибрашев.
Мақсұт Кеңесұлы – 1965 жылдың 7 қарашасында Шиелі кентінде дүниеге келген. Әкесі Кеңес Ибрашев «Главриссовхозстрой» мекемесінің №2 автобазасында шеберхана меңгерушісі, ал анасы Гүлнар Жағыпбарова аудандық тұтынушылар қоғамында сауда саласында еңбек еткен. Еңбекқорлық пен адалдықты ту еткен отбасында тәрбиеленген Мақсұт ағаның өмірге деген көзқарасы да осы құндылықтармен қалыптасты.
Ол аудан орталығындағы №45 «Октябрьдің 14 жылдығы» атындағы мектепті үздік тәмамдады. Мектеп қабырғасында жүріп журналист болуды армандамағанымен, спортқа деген қызығушылығы ерекше еді. Футбол, волейбол, самбо секцияларына қатысып, әр саланың білікті жаттықтырушыларынан тәлім алды. Кейін оның алғашқы мақаласының спорт тақырыбына арналуы да осы қызығушылықтан туындаса керек.
1977 жылы небәрі 12 жасында республикалық «Спорт» газетінде «Шабуылшылар шебер ойнаса екен» атты мақаласы жарық көрді. Бұл – жасөспірімнің үлкен журналистикаға жасаған алғашқы қадамы еді. Оқушы кезінен-ақ «Өскен өңір», «Қазақстан пионері» газеттерінде мақалалары үзбей жарияланып тұрды.
Мектеп бітіргеннен кейін де Мақсұт ­Ибрашев баспасөзбен байланысын үзген жоқ. Ол Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының «Студент» газетінің редакторы, Прибалтика әскери округінің «Боевое знамя» газетінің тілшісі қызметтерін атқарды. Кейінгі жылдары республикалық және облыстық басылымдарда – «Егемен Қазақстан», «Кызылординские вести», «Сыр бойы», «Өскен өңір», «Юридическая газета» және басқа да газеттерде көптеген мақаласы жарық көрді.
Оның шығармашылығының басты ерекшелігі – өмірді боямасыз, шынайы көрсетуінде. Себебі ол халықпен етене араласып, түрлі салада еңбек етіп көрген. Комбайнер, жүкші, кәсіпкер, жаттықтырушы, слесарь, инженер-бақылаушы, цех бастығы, әдіскер сынды сан түрлі қызметтерде жұмыс істеуі – мақалаларының өміршең болуына негіз болды.
Биыл 60 жасқа толып отырған Мақсұт Ибрашев журналистика саласында 25 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Осы еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатына, облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болды. «Қанатты қалам – 2014» байқауының лауреаты, бірнеше мәрте «Үздік ауыл шаруашылығын насихаттаушы журналист» атанды. Сондай-ақ түрлі салалық төсбелгілермен марапатталған.
Екі тілде еркін жазатын кәсіби журналист үнемі білімін жетілдіруге ұмтылады. Алматы қаласындағы халықаралық «Медианет» журналистика орталығында, Еуропалық журналистика мектебінде тәжірибе жинақтап, Қызылордадағы «Болашақ» университетінде жоғары білім алды.
Қазіргі таңда Мақсұт Ибрашев «Сыр медиа» ЖШС-не қарасты «Кызылординские вести» газетінің тілшісі әрі «Заң» медиахолдингінің «Юридическая газета» басылымы бойынша Қызылорда облысындағы меншікті тілші болып қызмет атқарып келеді.
Жыл қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдары саласында жемісті еңбек етіп жүрген әріптесіміз «Үздік журналист» номинациясының иегері атанды. Кәсіби шеберлігімен, шынайы да мазмұнды мақалаларымен оқырман ықыласына бөленген қаламгердің бұл жетістігі – тынымсыз еңбегінің, азаматтық ұстанымының айқын нәтижесі. Әріптесімізді мәртебелі марапатымен шын жүректен құттықтай отырып, шығармашылық табыс, толағай жетістіктер тілейміз!

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
31 желтоқсан 2025 ж. 32 0

Қоғам

ҚАЛАМЫНЫҢ ҰШЫНДА ЕЛ ҮНІ БАР
31 желтоқсан 2025 ж. 33

ЗАУЫТТАҒЫ 20 ЖЫЛ

31 желтоқсан 2025 ж.

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (9367)

31 желтоқсан 2025 ж.

№99 (9366)

27 желтоқсан 2025 ж.

№98 (9365)

23 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031