Телікөл төріндегі тартысты турнир
Жақында Телікөл ауылындағы Ә.Тәжібаев атындағы №214 қазақ орта мектебінің спорт залында спорт пен сыйластық салтанат құрған тағылымды турнир өтті. Волейбол бәсекесі еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз Әнуарбек Тәжімбетовтың 70 жылдық мерейтойына арналды. 40 жастан асқан ардагер спортшылар бас қосқан бұл жарыс тек сайыс қана емес, өмірін білім мен спортқа арнаған азаматқа көрсетілген зор құрметтің айғағы болды.Әнуарбек Тәжімбетов – 1955 жылы Ақтоған ауылында дүниеге келген. 1962 жылы №155 Ақтоған мектебінде алғаш білім нәрін алып, 1972 жылы №45 қазақ орта мектебін аяқтады. 1973-1975 жылдары кеңес Армиясы қатарында азаматтық борышын өтеді. Жоғары білімді педагог 1978 жылдан бастап Ә.Тәжібаев атындағы №214 орта мектепте үздіксіз еңбек етіп, талай шәкірттің өмір жолына бағыт-бағдар берді. Ұжымда сый-құрметке бөленген ұстаз 2018 жылы құрметті зейнеткерлікке шықты.
Зейнет жасына жетсе де, ардагер-ұстаз спорттан қол үзген емес. Волейбол десе делебесі қозып, «доптың иісі шыққан» әрбір жарысқа алаңдай қарайтын жан бүгінде де спорт алаңының көркін келтіріп жүр. Жарыстың ашылу салтанатында ауыл әкімі Әлібек Сәрсенбаев, аудандық спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Берік Садықұлы, аудандық білім бөлімінің әдіскері Жеңіс Шохаев, ардагер волейболшылар Халықберген Тұрсынбетов, Әбілда Ыбыраев, Мақсұт Ибрашев, Асқар Есім және мектеп директоры Бақытжамал Қалдыбек сөз сөйлеп, мерейтой иесінің өнегелі өмір жолын, жас ұрпақ тәрбиесі мен спортты дамытуға қосқан елеулі еңбегін ерекше атап өтті.
Тартысқа толы ойындар көрермендерге нағыз спорттық әсер сыйлады. Жарыс қорытындысы бойынша төртінші орын Жөлек ауылының командасына бұйырды. Үшінші орынды алаң иелері – «Телікөл» командасы иеленсе, екінші орынға «Жер-Жомарт–Д» ЖШС демеушілігімен өнер көрсеткен Алғабас ауылының волейболшылары тұрақтады. Ал барлық қарсыласынан басым түсіп, турнир чемпионы атанған – Бестам ауылының командасы болды.
Жалпы, волейбол спорты аудан көлемінде жылдан-жылға дамып келеді. Соңғы жеті жыл бойы тұрақты түрде өтіп келе жатқан «Ардагерлер лигасы» соның айқын дәлелі. Бұл бастаманың жүзеге асуына аудандық спорт және денешынықтыру бөлімі, «Шиелі» спорт клубы мен жанашыр кәсіпкерлердің қолдауы зор.
Айта кетейік, ардагерлер лигасының кезекті туры келесі жылдың қаңтар айында Бестам ауылдық округінде өтеді деп жоспарлануда.
М.Кеңесұлы,
сурет автордікі







