ТУҒАН ӨЛКЕНІҢ ТҮЛЕГІ
Кейбір адамдардың өмір жолына зер салғанда, олардың тағдыры өзі туған өлкемен тығыз байланысып жататынын аңғарасың. Туған жердің тыныс-тіршілігімен бірге өсіп, сол елдің дамуына қызмет етуді өмірлік мұрат еткен жандардың бірі – Әлібек Сәрсенбаев.Балалық шағы мен жастық кезеңі ауданның өсіп-өркендеу жылдарымен тұспа-тұс келген ол мектеп бітіргеннен кейін еңбекке ерте араласты. Алғашқы қызметін 1988 жылы Шиелі локомотив депосында токарь оқушысы болып бастады. Алайда көп ұзамай Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылып, 1988-1990 жылдары Чехословакияда Кеңес Армиясы қатарында әскери қызмет атқарды.
Әскерден оралған соң еңбек жолын қайта жалғастырды. 1991-1998 жылдар аралығында локомотив депосында токарь, мұнай өнімдерін құюшы болып жұмыс істеді. Бұл жылдар елдегі экономикалық өзгерістермен тұспа-тұс келген күрделі кезең болатын. Соған қарамастан Әлібек Айдарбекұлы түрлі салада еңбек етіп, тәжірибе жинақтады. Бір кезеңде «Қызылдихан» шаруашылық серіктестігінде есепші қызметін де атқарды.
Оның мемлекеттік қызметтегі жолы 1999 жылы Қызылорда облысы бойынша кеден басқармасынан басталды. Алдымен маман ретінде еңбек етіп, кейін «Шиелі» және «Қондоз» кеден бекеттерінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарды. Бұл кезеңде шекаралық бақылау, кедендік рәсімдер мен мемлекеттік тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға қатысты.
2001 жылы жергілікті атқарушы органдар жүйесіне ауысып, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде бас маман қызметіне кірісті. Он бір жылдан астам уақыт осы салада еңбек етіп, ауданның коммуналдық инфрақұрылымы мен тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің ұйымдастырылуына үлес қосты. Одан соң кент әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Бұл қызметте төрт жылдан астам уақыт жұмыс істеп, кенттің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге бағытталған жұмыстарға қатысты. Халықпен тікелей байланыста болу, күнделікті тұрмысқа қатысты түйткілдерді шешу, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз ету – оның қызметінің негізгі бағыттарының бірі болды.
Бүгінде Әлібек Сәрсенбаев он жылға жуық уақыттан бері Телікөл ауылдық округінің әкімі қызметін атқаруда. Ауыл әкімінің жұмысы – тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ асып, елді мекеннің дамуына қажетті мәселелерді күн сайын назарда ұстауды талап ететін жауапты міндет. Осы жылдар ішінде ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту, тұрғындармен тұрақты байланыс орнату бағытындағы жұмыстарға белсенді араласып келеді.
Әлібек Айдарбекұлының еңбек жолына көз жүгірткенде, оның қызмет баспалдақтарын біртіндеп жүріп өткенін көруге болады. Өндіріс саласындағы қарапайым жұмысшыдан бастап, мемлекеттік қызметтің түрлі деңгейлерінде еңбек етіп, бүгінде ауылдық округті басқарып отырған азаматтың өмір жолы – табандылық пен жауапкершіліктің көрінісі.
Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында халыққа қызмет етуді басты міндет санап келе жатқан осындай азаматтардың еңбегі құрметке лайық. Өйткені мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтатын, елдің дамуына күнделікті үлес қосатын жандардың жұмысы көбіне көзге көріне бермегенімен, оның нәтижесі тұрғындардың тұрмысынан байқалады.
Гүлхан ЯХИЯ








