Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ – ЕРГЕ МҰРАТ

ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ – ЕРГЕ МҰРАТ

Тағдыры тұтас бір өңірдің тыныс-тіршілігімен астасып жататын адамдар болады. Сондай ғұмыр иесінің бірі – Тұрмағанбет Жағыпбаров. Оның өмір жолына үңілген сайын, қарапайым еңбектен басталып, елдік мүддеге ұласқан азаматтық биіктің айқын бейнесін көресіз.
Тұрмағанбет Әлиасқарұлы – 1960 жылдың 9 мамырында Оңтүстік Қазақстан облысы, Ильичев ауданы, Қарақай ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ауылдың қарапайым тіршілігімен өріліп, еңбекке ерте араласқан ол жастайынан төзімділік пен табандылықты серік етті.
1977 жылы еңбек жолын Шиелі ауданындағы «Кызылордастрой» тресінің Шиелі ПМК-16074 мекемесінде тас қалаушы болып бастауы – оның өмірлік бағытын айқындаған алғашқы қадам еді. Бұл кезең 1987 жылға дейін жалғасып, жас жігіттің жігерін шыңдап, мінезін қалыптастырды.
Т.Жағыппаровтың білімге деген ұмтылысы 1986 жылы Ы.Жақаев атындағы Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтына жетеледі. Ол аталған оқу орнын 1992 жылы құрылыс инженері мамандығы бойынша тәмамдап, өндірістегі тәжірибесін ғылыми негізбен толықтырды.
1987-1999 жылдары Шиелі ауданындағы материалдық-техникалық жабдықтау мекемесінде қызмет атқарып, тас қалаушыдан бастап прораб, бас инженер, кейін мекеме басшысы деңгейіне дейін көтерілді. 1999–2003 жылдары Шиелі ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып, өңірдің аграрлық саласына серпін беруге атсалысты. Бұл – оның мемлекеттік қызметтегі алғашқы ірі белесі еді.
2003-2006 жылдары «Томирис-Лимитед» ЖШС-де экономист, директордың орынбасары, аумақтық басқарушысы ретінде еңбек етіп, нарықтық жүйенің қыр-сырын меңгерді. 2006–2008 жылдары Шиелі кентінің әкімі қызметіне тағайындалып, ел басқару ісіндегі жауапкершілікті өз мойнына алды. Ал аудан әкімінің орынбасары міндетін атқарған жылдары – ел сенімін арқалаған, халықпен етене жұмыс істеген кезең болды.
2012-2014 жылдары «Волковгеология» АҚ №23 геологиялық барлау экспедициясында шебер болып еңбек етіп, өндірістік саладағы тәжірибесін толықтырды.
2014 жылдың шілде-қазан айларында Шиелі ауданы әкімінің көмекшісі қызметін атқарса, сол жылдың өзінде, яғни 2014 жылдан 2021 жылға дейін аудан әкімінің орынбасары болып қызмет етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосты. Кейін Шиелі аудандық мәслихатының төрағасы ретінде халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, қоғамдық маңызы бар шешімдердің қабылдануына ықпал етті.
Бүгінде «ТАҢ» LTD ЖШС-нің өндіріс жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, тәжірибесін өндіріс саласында жалғастырып келеді.
Оның ерен еңбегі елеусіз қалған емес. Ел дамуына қосқан үлесі мен ұзақ жылғы адал қызметі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, түрлі марапатқа ие болды. Тәуелсіз елдің айтулы белестеріне арналған мерекелік медальдар – оның ел тарихымен бірге жасаған еңбегінің айғағы іспетті. Сондай-ақ құқық қорғау саласының мерейтойлық төсбелгілері мен жоғары дәрежелі ордендер оның қай салада жүрсе де жауапкершілік пен табандылық танытқанын көрсетеді.
Қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігі де назардан тыс қалған жоқ. Партиялық құрылымдар мен мемлекет басшылығы тарапынан берілген алғыс хаттар – оның халық сеніміне ие болған азамат екенінің белгісі. Елорданың, облыс пен ауданның Құрмет грамоталары да оның өңір дамуына сіңірген еңбегінің нақты дәлелі.
Бұл марапаттардың әрқайсысы маңдай термен келген абыройдың, тынымсыз еңбектің жемісі. Олар Тұрмағанбет Әлиасқарұлының өмір жолындағы белестерді айшықтап қана қоймай, оның ел алдындағы беделі мен жауапкершілігін де айқындай түсті.
Тұрмағанбет Әлиасқарұлы – қай қызметте болмасын, ол ең алдымен адамдық болмысты, әділдік пен адалдықты ту етіп келеді. Халықпен етене араласып, олардың мұң-мұқтажына құлақ асу – оның басты ұстанымдарының бірі.
Отбасы – оның өміріндегі ең қастерлі құндылық. Ұл-қыз өсіріп, оларды өмірге бейімдеп, тәрбиенің үлгісін көрсетіп отырған әке ретінде ұрпақ сабақтастығын терең түсінді. Оның өмірлік ұстанымы – адал еңбек пен өнегелі тәрбие.
Оның ғұмыры – қарапайым еңбектен басталып, биік жауапкершілікке ұласқан тағылымды жол. Жылдармен өрілген бұл тағдыр – туған жерге қызмет етудің шынайы шежіресі.

Г.ЯХИЯ
21 сәуір 2026 ж. 30 0

Ұқсас жаңалықтар:

PDF нұсқалар мұрағаты

№29 (9396)

21 сәуір 2026 ж.

№28 (9395)

18 сәуір 2026 ж.

№27 (9394)

14 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930