Топ-баннер
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕЛ ИГІЛІГІ ЖОЛЫНДАҒЫ ЕҢБЕК

ЕЛ ИГІЛІГІ ЖОЛЫНДАҒЫ ЕҢБЕК

Сонау қиын-қыстау кезеңдерде ел тізгінін ұстап, аудан тіршілігін тығырықтан алып шыққан, халыққа дұрыс бағыт-бағдар бере білген азаматтарды жұрт ешқашан ұмытпайды. Олар қалыптастырған сара жол, салиқалы басқару мектебі кейінгі буын басшыларға да өнеге болды. Сол үрдісті жалғастырып, өңірдің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтардың бірі – Әшім Оразбекұлы.
Әшім Оразбекұлы – еңбек жолын қарапайым қызметтен бастап, білімі мен біліктілігінің, табандылығы мен іскерлігінің арқасында ел басқару ісіне араласқан жан. 1957 жылы дүниеге келген ол Пенза инженерлік-құрылыс институтын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша тәмамдап, кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде экономист, ал Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде тау-кен инженері мамандығын игерді. Әр саладағы білімін тәжірибемен ұштастыра білген азамат қай қызметте де жауапкершілікті ту етіп, нақты нәтижеге жұмыс істеді.
Еңбек жолын 1974 жылы Шиелі ауданындағы Коммунизм ұжымшарында жұмысшы болып бастаған Әшім Оразбекұлы өндірістің ыстығы мен суығына төселді. Ұйымдастырушылық қабілеті арқылы басшылық сатыларынан өтті. Қай кезеңде де ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, өндіріс пен инфрақұрылымның ілгерілеуіне айрықша көңіл бөлді. Соның нәтижесі болар 1984-1992 жылдары ол Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының құрылысшы-бас инженері, «Қазақстан коммунистік партиясы» Шиелі аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, ­«Облремстрой» тресінің Шиелі құрылыс-жөндеу учаскесінің бастығы қызметін абыроймен атқарды.
1992-2003 жылдары Әшім Оразбекұлы Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, әкімнің кеңесшісі, «Құрылыс материалдары» акционерлік қоғамының президенті, сондай-ақ Шиелі кентінің әкімі қызметтерін атқарды. 2003-2011 жылдары ол «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамының №6 Кен басқармасы құрылыс бөлімінің басшысы және «Иіркөл» кенішінің бастығы болды.
2012-2017 жылдары Шиелі аудандық мәслихатының хатшысы қызметінде аудандық басқарудың тиімділігін арттыруға үлес қосса, 2017 жылдан зейнетке шыққанша Шиелі ауданының әкімі болып, елді басқарудағы тәжірибесі мен даналығын көрсетті.
Әшім Оразбекұлы басшылық қызмет атқарған жылдары өңірде құрылыс, инженерлік инфрақұрылым, әлеуметтік нысандарды жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігін терең түсінетін басшы ретінде халықпен етене араласып, көпшіліктің мұң-мұқтажына бейжай қарамады. Ел сенімін ақтау – оның басты ұстанымына айналды.
Іскер азамат ауданға басшылық еткен уақыт ішінде Шиелі ауданы елді мекендерге газ жүргізу мен кәсіпкерлік салалары бойынша облыста көш бастады. Бұл тұрғыда да өңір басшысының еңбегін айтпай кетуге болмас.
Әшім Оразбекұлының өмір жолы – қарапайымнан күрделіге, білім мен еңбекке сенім арқылы қол жеткізген үлгі. Оның еңбегі мен адалдығы, туған жеріне көрсеткен қызметі бүгінгі ұрпаққа өнеге, ал тұрғындардың сенімі мен құрметі – оның ең үлкен сыйы болды.
Ол кеңестік кезең мен бүгінгі тәуелсіз еліміздің идеологиялық кезеңінің сабағы мен тәрбиесін алған, екі дәуірдің де жақсы жағын саралап, қажет кезінде өз қызметінде сабақтастыра білгендігімен ерекшеленді. Сол еңбегінің еленгені болар, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Замандастарының айтуынша, ол – талапшыл да әділ, сөзге берік, іске мығым азамат. Ұжыммен тіл табыса білуі, жастарға қолдау көрсетуі, кадр даярлау ісіне мән беруі – оның басшылық стилінің айқын көрінісі.
Ең бастысы, қайда, қай салада еңбек етсе де, азаматтық парасатынан айнымады. Ол өз ортасында әркез сый-құрметке бөленіп келеді. Еңбегіне лайықты марапат пен халықтың ыстық ықыласынан да құралақан емес. Иә, ардагердің жүріп өткен өмір жолы ырыстың бұлағы да, бақыттың шырағы да еңбек екенін тағы бір мәрте дәлелдеп тұрғандай.
Әшім Оразбекұлының өмірлік серігі Кеңескүл Жүнісова саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнаған жан. Екеуі отбасылық өмірде тек сүйіспеншілік пен сыйластықтың үлгісін көрсетіп қана қоймай, 5 ұл-қызын адамгершілік пен білімге баулыды. Берекелі шаңырақтың қос бәйтерегі бүгінде немерелердің шат күлкісіне кенеліп отырған бақытты ата-әже.
Елге қызмет ету – екінің бірінің еншісіне бұйыра бермейтін бақ. Сол бақты абыроймен көтеріп, артында ізгі із қалдырған Әшім Оразбекұлының өмір жолы кейінгі буынға әрдайым тағылым болары сөзсіз.

Гүлхан ЯХИЯ
24 ақпан 2026 ж. 34 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№15 (9382)

24 ақпан 2026 ж.

№14 (9381)

21 ақпан 2026 ж.

№13 (9380)

17 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728