Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан абыройын ойлаған азамат

Аудан абыройын ойлаған азамат

Пердәлі Архабаев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы.
Қоғамда еліне аянбай еңбек еткен, туған жердің түлеуі үшін ештеңеден тайсалмаған атпал азаматтар жетерлік. Алғаш еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастап, біліктілігі мен іскерлігінің арқасында ел басқаруға дейін көтерілген азаматтар қаншама?! Сонау қиын-қыстау заманда ауданды абыроймен басқарып, халыққа дұрыс бағыт-бағдар бере білген Ғ.Жүгірәлин, И.Иманқұлов, К.Қаракөзов, Ә.Әлжанов, И.Әбдікәрімов, Ғ.Мұхамеджанов, С.Шаухаманов секілді ел қамын ойлар жақсыларды жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Сол кісілер салған сара жолдан кейінгі басшылар да жаңылмай, ауданның өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қоса білді. Бұл мақала да саналы өмірін халқына, еліне қызмет етуге арнап, оның игілігін арттыру жолында беріле қызмет еткен, сөйтіп абырой биігіне көтерілген аудан басшысы Әшім Оразбекұлы жайында. Ол ешқашан марапатқа, мақтауға, мадақтауға мұқтаж болған емес және соларға қайтсем де қол жеткіземін деп жанын салған да жоқ. ­Жастайынан зейінділігімен, жігерлілігімен, тиянақтылығымен көзге түсіп топ жарған, толысып есейген шағында іскер де білімді маман, беделді де талапшыл басшы болған оны, атақ та, мансап та, даңқ та өздері іздеп тапты. Ә.Оразбекұлы бүгінде мерейлі Пайғамбар жасына жетіп, еңбегінің зейнетін көруге аяқ басқан атпал азамат.
Әшім інімді екі дәуірдің адамы дер едім. Өйткені, ол, Кеңестік кезең мен бүгінгі тәуелсіз еліміздің идеологиялық кезеңінің сабағы мен тәрбиесін алған, екі дәуірдің де жақсы жағын саралап, қажет кезінде өз қызметінде сабақтастыра білген тәжірибелі де тәлімді маман.
Ол – үш дипломның иегері. Жоғары білім алып, бірнеше мамандықты меңгере тұра, еңбек жолын қатардағы қарапайым шаруадан бастаған ол, сан саланың жөн-жосығын жан-жақты білетін біліктілігінің арқасында сатылап өсіп, біршама басшылық қызметтерді атқарды.
Әшім Оразбекұлы үшін өмірдегі басты принцип – адалдық, еңбексүйгіштік, өз міндетіне жауапкершілік, ізденімпаздық болды. Сол қасиеттерінің арқасында ол бірқатар жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Сол еңбегінің еленгені болар, бір кездері «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Іскерлік қабілетімен көзге түсе білген азамат 2017 жылдан бері аудан әкімі қызметінде жемісті еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына, тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, жұмыссыздар санын азайтуға аянбай еңбек етті. Осы уақыт ішінде Шиелі ауданы елді мекендерге газ жүргізу мен кәсіпкерлік салалары бойынша ­облыста көш бастап тұр. Бұл тұрғыда да өңір басшысының еңбегін айтпай кетуге болмас.
Әшім – Шиелі ауданының өндірістік саласында да өзіндік із қалдырған азамат.
Ең бастысы, қайда, қай салада еңбек етсе де, Әшім Оразбекұлы азаматтық парасатынан айнымады. Ол өз ортасында әркез сый-құрметке бөлене білді. Еңбегіне лайықты марапат пен халықтың ыстық ықыласынан да құралақан емес. Иә, Әшімнің жүріп өткен өмір жолы ырыстың бұлағы да, бақыттың шырағы да еңбек екенін тағы бір мәрте дәлелдеп тұрғандай.
Ауданның өсіп-өркендеуі үшін ұзақ жылдар аянбай еңбек етіп, саналы ғұмырын арнаған, бүгінде абырой биігінен көрініп, бейнетінің зейнетін көрер шаққа жеткен Әшім Оразбекұлын мерейлі сәтімен құттықтаймын.

Сұлтанбек Оразымбетов, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»

Бүгінде жаңа әрі қатал сұраныстарды иектеген өзгермелі заманның ағымына лайықты деңгейде ілесу, қай мемлекетке болса да оңай тиіп тұрған жоқ. Бұл жағдай халықаралық қоғамдастықпен біте қайнасқан біздің елімізді де айналып өтпейді. Мұндайда ішкі бірлігіне жүгініп, ынтымағына сүйенген есті ел, іргелі жұрт қана кездескен кедергіні еңсере алса керек. Осы орайда әрине, халықты ортақ мүддеге ұйыстырып, жақсылыққа бастайтын, оң шешімдер қабылдауға ­бастамашы болып, байыпты қадам жасайтын, мемлекеттің, қоғамның көлеңкелі тұстарына сәулесін түсіріп, ел дамуына бар пейілімен болысатын ерлер болады.
Бір ауданның өсіп-өркендеуі тікелей басшысына байланысты екені даусыз. Киелі Шиелі – талай даңқты тұлғаның, еңбек ерлерінің бесігі. Осы құтты мекеннің құлашын кеңге сермеп, әлеуетін арттыруда аудан әкімі Әшім Оразбекұлының еңбегі зор. Осы топырақта өсіп-өніп, елге қызмет етуді сатылап бастаған Әшекең – өскелең ұрпаққа үлгі боларлық жан. Кәсіпкерлікке ден қойып, өнерге дем берген, ауданның экономикасын арттырып, абыройлы қызмет атқару – нағыз ерге тән қасиет. «Ер – еңбегімен еңселі» дейді қазақ халқы. Ырыс-несібеңді еселеп, еліне құт-береке дарытар, халқының әл-ауқатын арттырар адал еңбек, маңдай тер екені мәлім. Бүгінгі таңда осы өңірмен біте қайнасып жұмыс істеген Әшім Оразбекұлы бейнеттің зейнетіне жетіп отыр.
Әшекең өнерді ерекше құрметтейді. Өзінің де ән айтатыны бар. «Мен басшы, сен қосшы» деп бөле жармайтын қарапайымдылығы мен адамгершілігі, бастаған істі аяқсыз қалдырмайтын жауапкершілігі Шиелінің одан әрі өсіп өркендеуіне сеп болуда. Қаншама қызметтің қыр-сырына қанығып, абыройлы қызмет ету екінің бірі істейтін шаруа емес. Десе де, ауыры мен жеңілін қатар көтеріп, ауданды басқару ісіне дейін көтерілген Әшекең зейнеттік жасқа жетті. Оның еңбегін елі көріп, біліп отыр. Мәселен, 2018 жылы «Үздік аудан» ­атануымыз – осы еселі еңбектің жемісі. Бар ғұмырын елге қызмет етуге арнаған Әшім Оразбекұлын зейнетке жеткен мерейлі мерекесімен құттықтаймын.

Туған жерден ұшып шықтың,
Дараланып өзгеден.
Жеттің інім, Әшім мықтым,
Мақсатыңа көздеген.

Білім алдың Ресейдің,
Пенза деген қаласында.
Баласын қазақ көрсей дедің,
Тоқыған ілім санасына.

Ерен еңбек тұғырларға,
Ретімен көтерді.
Ата-анаң ұмтыл алға,
Айтқан сөзі өтелді.

Елің үшін, жерің үшін,
Адал қызмет атқардың.
Куәсі боп жігер-күшің,
Сонау балалық шақтардың.

Қарапайым мінез-құлық,
Жақындатты халыққа.
Кішік болып, болдың ұлық,
Атың шықты жарыққа.

«Иіркөлді» иіріп тастап,
Халық қалаулысы атандың.
Жақсылыққа қол бастап,
Үлкендерден бата алдың.

Мәслихаттың хатшысынан,
Әкім боп таққа отырдың.
Үміт күтті басшысынан,
Кемшілік орнын толтырдың.

Өмір заңы зейнеткерлік,
Пайғамбар жасқа толдың сен.
Мәңгі емес бейнеткерлік,
Абыройлы болдың сен.

Құтты болсын туған күнің!
Еңбегің еткен ауданға.
Туған жерге еккен гүлің,
Биік болсын таудан да.

Өркен Исмаил,
Шиелі ауданының
«Құрметті азаматы»


11 ақпан 2020 ж. 776 0