Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өткен күннен белгі бар

Өткен күннен белгі бар



Тарихқа тұнған Шиелі 1928 жылы құрылған. Содан бергі Қазақстан дамуының сан қилы кезеңі Шиелінің де басынан өтіп келеді. Міне, осы уақытта аудан тізгінін қолға алып, жасампаздыққа бастаған көшбасшылар кімдер еді. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында туған жерден түлеп ұшып, еліне еңбегі сіңген әрбір тұлғаны келер ұрпағы танып-біліп өсуі тиіс деген болатын. Міне, сол жандарға тоқталып, сан қилы тағдырларын бір кітапқа тоғыстырған ҚР мәдениет қайраткері, заңгер, белгілі қаламгер А.Ысымовтың «Шиелі» кітабынан үзінді...
Өткен күндердің тарихын тасқа басқандай бейнелеген кітаптың «Ел келбеті» бөлімінде ауданға еңбегі сіңген тұлғалар, батыр ұлдар, дүл-дүл ақын, бұл-бұл әнші жыраулары жайында сыр шертеді. Кеңес заманында аудан, облыс деңгейінде екі басшы болды: олар партия комитетінің бірінші хатшысы және депутаттар аудандық (облыстық) кеңесі атқару комитетінің төрағасы. Елді компартия жеке-дара билеп тұрған соң бірінші хатшы әрине бірінші басшы болатыны түсінікті ғой. Компартия биліктен айырылып, еліміз тәуелсіздік алғанға дейін Шиелі ауданын 1928-1991 жылдары 17 бірінші хатшы, 1929-1993 жылдары 19 атқару комитетінің төрағасы басқарыпты. Революцияға дейін қазақ даласында өкімет билігі орыс әскери шенеуніктерінің қолында болса, кеңес өкіметі орнағаннан кейін де өкімет билігі жаппай большевик орыс өкілдерінің қолында қала бергені мәлім. Міне, осындай партия, өкімет билігінің өзгелер қолында болғанының мысалын кіл қазақ жайлаған Қызылордадан, Шиеліден де көреміз. 1928 жылдан 1940 жылға дейін ауданда бірінші хатшы армян, орыс болып келді, олар – Шушанян, Федосов, Комаров.
Ал, 1940 жылдан бастап аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы да, тәуелсіздік заманында әкімдер де кілең қазақ азаматтары. Депутаттар кеңесі атқару комитетінің төрағалары да екі адамнан басқасы қазақтар болып келген. Компартия, кеңес өкіметі заманында ауданды басқарғандар: бірінші хатшылар – Әбен Кенжеғараев, Ғиззат Жүгірәлин, Иса Иманқұлов, Көмекбай Қаракөзов, Алпысбай Нұржанов, Әмзе Әлжанов, Сейдолла Оспанов, Исатай Әбдікәрімов, Байбол Сопбеков, Ғафур Мұхамеджанов, Орынбасар Бәйімбетов, Сейілбек Шаухаманов, Абдолла Әбенов, Машрап Ахметжанов. Депутаттар кеңесі атқару комитетінің төрағалары: Нұрмағанбетов, Досмағанбет Қараманов, Төлепбергенов, Янин, Мырзабай Қатарбаев, Жүсіпов, Рахмет Дүйсенбеков, Жетербай Ақбаев, Т.Көсеубаев, Нығмет Мырзалиев, Әмзе Әлжанов, Қонысбек Қазантаев, Ғафур Мұхамеджанов, Еламан Жүнісбаев, Қожай Дүйсенбеков, Әзімхан Исмайы­­лов, Константин Хван, Қадірберген Құдайбергенов, Жақсылық Ахметов. Бұл кісілердің қай-қайсы да өз уақытында міндеттерін абыройлы атқаруға ұмтылды. Елді өсірді, жерді көркейтті, ауданда жасалған игілікте олардың парасатының сорабы, қолдарының таңбасы, сайраған іздері жатыр. Халық жады, тарих жады ешкімді де, ештеңені де ұмыттырмайды. Бүгінгі байлық солар жасап кеткен қазына. Шиеліде басқарушылық қабілеттері шыңдалып, танылған қайраткерлер биліктің жоғары сатыларына өрледі. Шиелінің киелі топырағы көтерген Сейдолла Оспанов, Исатай Әбдікәрімов, Сейілбек Шаухаманов Қызылорда облысын, Әмзе Әлжанов, Көмекбай Қаракөзов, Қонысбек Қазантаев, Ғафур Мұхамеджанов, Еламан Жүнісбаев облыстың басқа аудандарын, Абдолла Әбенов Ақтөбе қаласын басқарды. Исатай Әбдікәрімов Социалистік Еңбек Ері атанып, Қазақстанда партиялық биліктен кейінгі екінші дәреже – Жоғарғы Кеңес Төралқасының (Парламент) Төрағасы қызметіне жетті. Орынбасар Бәйімбетов, Әзімхан Исмайылов республика Жоғарғы Кеңесіне депутат болды.
Сондай-ақ, 1938 жылы алғаш Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутатын сайлау өткеннен бергі кезеңде республиканың Парламентіне Шиелі аумағынан еңбек озаттары мен басшылар, әдебиет, ғылым қайраткерлері – 16 адам халық қалаулысы болыпты. Ең алғашқы депутат еңбек майталманы Мәлике Басанова, одан кейінгі сайлауларда диқан Ыбырай Жақаев төрт рет, басшылар Сейдолла Оспанов, Исатай Әбдікәрімов, еңбеккерлер Сартай Махамбетова, басшылар Орынбасар Бәйімбетов, Әзімхан Исмайылов, диқан Рысбай Мәуленов, шопан Уайда Әлиханов, механизатор Жадыра Таспамбетова, мұғалім Қалияш Тұрсынова, сондай-ақ және ол кезде Сырдария ауданына қараған, қазіргі Шиелінің Майлытоғай ауылының колхоз бастығы Қапан Сәбіров, «1 мамыр» колхозының шопаны Дәріжан Пірімқұлова, қазір Жаңақорғанға қарайтын «Бірлік» совхозының бригадирі Мәден Мырзахметов, балама сайлауларда басшы Сейілбек Шаухаманов, заңгер академик Сұлтан Сартаев, қызметкер Үсен Қожаназаров, қайраткер Әбдіжәлел Бәкіров, түркі әлемінің көрнекті қайраткер ақыны Мұхтар Шаханов сайланды. Ал, КСРО Жоғарғы Кеңесіне екі күрішші – Социалистік Еңбек Ерлері Зәһира Ержанова мен Ұлбала Алтайбаева, сондай-ақ, шопан Айша Меңлібаева және дәрігер Тұрғанбай Маханов бүкіл облыс өкілі ретінде барды.
Бүгінде 90 жылдық тарихы бар Шиелі ауданы толайым істері мен ауыз толтырып айтарлық тың өзгерістері жаңарып, жасарып келе жатқан өлкелердің бірі. Келбеті әсем, құрылысы қарқынды, әлеуеті артқан. Тәуелсіз Қазақстанда 1992 жылы билік жүйесі өзгеріп, әкім қызметі тағайындалғалы бері ауданды басқарған әкімдер: Жолдасбек Ердешбаев, Ибрагим Әбибуллаев, Жарылқасын Тұрабаев, Серік Жүсіпов, Ерлан Мұстафаев, Нұрлыбек Нәлібаев, Қайратбек Сәрсенбаев және қазіргі әкім – Әшім Оразбекұлын айтуға болады. Егіс даласы құнарын, ақ маржаны сол атақ-даңқын жоғалтпаған, жері бұқара халықтың күн көрісіне айналған құтты мекеннің тарихы мұнымен бітпейді...

Әзірлеген: Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.
07 тамыз 2018 ж. 1 600 0