Ел дамуына үлес қосқан еңбек жолы
Мемлекеттік қызмет – қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қызмет ететін маңызды сала. Бұл бағытта ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан азаматтардың бірі – Ғабит Аманжолов.Ол – 1967 жылы Иіркөл ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1986-1988 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтеді. Еңбек жолын құрылыс саласында бастаған жас маман 1993 жылы аудандағы «Межколхозстрой» және РУ-6 кен басқармасына қарасты ХРСУ мекемесінде тас қалаушы болып жұмыс істеді. Сол жылдың соңында ПМК-45 мекемесіне ауысып, 1996 жылға дейін аға шебер қызметін атқарды.
1999 жылы Қызылорда облысы бойынша кеден басқармасында кеден қызметкері болып еңбек етті. Ал 2000 жылдан бастап облыстық статистикалық есептеу орталығында қойма меңгерушісі, маман-экспедитор, кейін мекеме директоры қызметтерін атқарды. 2000 жылдардың басында мемлекеттік қызмет саласына келіп, кент әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
2003-2008 жылдар аралығында Шиелі ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелермен айналысты. Осы кезеңде жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру бағытындағы жұмыстарға қатысты.
Одан соң сегіз жылға жуық аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы қызметін атқарды. Бұл жылдары аудан аумағындағы құрылыс, сәулет және қала құрылысы салаларындағы жұмыстарды ұйымдастыруға және үйлестіруге жауапты болды.
Ғабит Сейілбекұлының еңбек жолындағы ерекше кезеңдердің бірі – Шиелі кентінің әкімі болған жылдары. Бұл уақытта кенттің көркеюі мен тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған көптеген жұмыстар жүзеге асырылды. Бүгінде ол аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы ретінде ауданның инфрақұрылымын дамыту жолында еңбек етіп келеді. Ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстардың сапалы орындалуын қадағалап, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау бағытында қызмет атқаруда.
Ғ.Аманжоловтың еңбек жолы құрылыс саласынан басталып, жергілікті мемлекеттік басқару жүйесіндегі түрлі жауапты қызметтермен жалғасты. Оның кәсіби қызметі ауданның әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына бағытталған жұмыстармен сабақтасқан.
Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында көп жылдық еңбек өтілі бар азаматтардың тәжірибесі мен еңбегі кейінгі буын үшін маңызды. Ғабит Аманжоловтың еңбек жолы да мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі мен сабақтастығын көрсететін өмірбаяндардың бірі.
Гүлхан ЯХИЯ








