БАС РЕДАКТОР «ІЗДЕНІМПАЗ ЖУРНАЛИСТ» АТАНДЫ
28 маусым – БАҚ қызметкерлері күні мерекесінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр қаламгерлерін құттықтап, аймақтың ақпарат саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматты марапаттады. Құрмет биігінен көрінген қалам иелерінің қатарында «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбет те бар.
Мәртебесі биік тілшілер қауымының басын қосқан мерейлі күні Нұрболат Сәдуақасұлы «Ізденімпаз журналист» номинациясына ие болды. Нұрболат Пірімбеттің қызмет жолы 2011 жылы Шиелі аудандық ішкі саясат бөлімі мемлекеттік мекемесінде басталды. Тынымсыз еңбек пен ізденістің арқасында 2012 жылы Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімі мемлекеттік мекемесінде бас маман, Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы мемлекеттік мекемесінде «Саяси партиялар және үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жасау», «Ақпараттық саясат және бұқаралық ақпарат құралдарына мониторинг» бөлімінде бас маман, бөлім басшысы сынды лауазымдарда жұмыс атқарды. 2014 жылы Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде бас эксперт, сондай-ақ облыстық «Дін істері басқармасы» мемлекеттік мекемесінде бас маман болып жұмыс істеді. Іске тиянақты, жұмысына жауапты кадр 2015 жылдың ақпан айынан бастап «Қазақстан» РТРК АҚ Қызылорда облыстық филиалында бағдарламалар бөлімінің редакторы болса, Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы мемлекеттік мекемесінде «Дін істері бөлімінде» бас маман ретінде еңбек етті. Түрлі қызметтің қыр-сырына қаныққан ол 2016 жылдан бері тарихы терең төл басылым – «Өскен өңір» газетінің бас редакторы міндетін абыроймен атқарып келеді. ҚР Журналистер одағының мүшесі. VII шақырылымдағы Шиелі аудандық мәслихат депутаты, Шиелі аудандық қоғамдық кеңес мүшесі. Қызмет жолында өзіне артылған жауапкершілік жүгімен қатар шығармашылық ұжымның шабытын шыңдап, кәсіби бағыт-бағдар беруде жоғары нәтижелерге жетуде. Білікті басшының шығар белестерінің биіктей беруіне сенім мол.