Еңбекпен есейген өмір
Кез келген қиындыққа қарамастан ел дамуына өлшеусіз үлес қосатын жандар – еңбек адамдары. Осындай маңдай терімен абырой биігінен көрініп, өз ісіне адалдықты өмірлік ұстаным еткен азаматтардың бірі – атом өнеркәсібі саласында ұзақ жылдар табанды еңбек етіп келе жатқан Ділдабек Тәжібаев.Ділдабек Исламұлы – 1964 жылдың 16 шілдесінде дүниеге келген. Бала күнінен еңбекқорлық пен жауапкершілікті бойына сіңіріп өскен ол Ы.Жақаев атындағы №244 орта мектепте білім алды. Жастайынан техникаға, электр саласына қызығушылығы артып, болашақ мамандығын да осы бағытта таңдады. 1982-1984 жылдары Германиядағы кеңес әскерлері тобы (ГСВГ) құрамында әскери борышын өтеп, тәртіп пен төзімділіктің, жауапкершіліктің нағыз мектебінен өтті.
Әскерден кейінгі еңбек жолын 1987 жылы ТОО «РУ-6» мекемесінде электромонтер болып бастаған Ділдабек Исламұлы өз кәсібіне үлкен жауапкершілікпен қарап, тәжірибе жинақтай білді. 1992 жылдан 2005 жылға дейін ұңғыма қондырғыларына қызмет көрсету саласында электрик ретінде жұмыс істеп, өндірістегі күрделі жүйелерді жетік меңгерді. Бұл жылдар оның кәсіби қалыптасу кезеңі болды.
2005-2006 жылдары жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары бойынша ЖҚЖ амалгері қызметін атқарып, техникалық процестердің қыр-сырын терең игерді. Ал 2006 жылдан бастап «Қарамұрын» кенішінің жөндеу-қалпына келтіру бөлімінде 7 разрядты ЖҚЖ амалгері ретінде еңбек етіп келеді. Бұл – жоғары біліктілікті, мол тәжірибені талап ететін жауапты қызмет.
Ұзақ жылғы еңбек жолында Д.Тәжібаев өзін тек кәсіби маман ретінде ғана емес, ұжымның ұйытқысы, жас мамандарға бағыт-бағдар беретін тәлімгер ретінде де көрсете білді. Ол кез келген өндірістік немесе төтенше жағдайды шұғыл бағалап, дұрыс шешім қабылдай алатын, салқынқандылығы мен іскерлігі үйлескен маман. Әріптестері оның жауапкершілігі мен еңбекқорлығын ерекше айтады.
Өндірістен бөлек, ол спорт саласында да белсенді. 2000 жылдан бері «Қазатомпром» компаниясы аясында ұйымдастырылатын түрлі спорттық жарыстарға қатысып, бірнеше мәрте жүлдегер атанды. Бұл оның салауатты өмір салтын берік ұстанатынын, ұжымдық рухты жоғары бағалайтынын көрсетеді.
Еңбегі еленіп, түрлі марапатқа ие болды. 2007 жылы «Қазақстан атом саласының 10 жылдығына» арналған медальмен, 2014 жылы өнеркәсіптің Шиелі филиалының Алғыс хатымен марапатталды. 2016 жылы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына» арналған мерекелік медальға ие болды. 2018 жылы «Қазақстан Республикасының атом саласының еңбек сіңірген қызметкері» III дәрежелі (қола) құрметті белгісімен, ал 2023 жылы II дәрежелі күміс белгісімен марапатталуы – оның кәсіби еңбегіне берілген жоғары баға.
Д.Исламұлы өндірістегі табысты еңбегімен қатар, отбасында да өнегелі әке. Ол өмірлік жарын еңбек жолында жолықтырып, бірге шаңырақ көтерді. Бүгінде екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, немере сүйіп отырған ардақты әке, қамқор ата. Отбасындағы бірлік пен тәрбиенің өзі оның өмірлік қағидаларының айғағы.
Ділдабек Тәжібаев – атом саласында қажырлы еңбегімен танылған, адалдық пен кәсібилікті серік еткен азамат. Оның еңбек жолы – жас буынға үлгі, ал өнегелі өмірі – қоғам үшін қашанда қымбат құндылық.
Гүлхан ЯХИЯ







