Еңбекпен есейген жан
Азаматқа абырой-атақтың бір күнде, бір сәтте келмейтіндігі белгілі. Оған жету үшін адами ізгіліктер мен қасиеттер, ізденімпаздық пен еңбекқорлық адам бойына бала күнінен қалыптасуы қажет. бүкіл өмірін еңбекпен өткізген Дайрабай Әлтаевтің көргені мен түйгені көп. осындай қайратты, ақылы дария, өнегелі өмірімен кейінгі ұрпаққа үлгі болып отырған жан.
Кейіпкеріміз Дайрабай Әлтаев 1942 жылы Қызылқайың ауылында дүниеге келген. Кейіннен 1958 жылы отбасымен Жақаев ауылына қоныс аударып, егіс даласында еңбек етеді. Әкесі Әлтай күріштікте қарауыл болған. Ал, Дайрабай аға 1955 жылы сегізжылдық мектепті бітіріп, аудандағы техникумда «комбайнер-тракторист» мамандығын алады. Алғашқы еңбек жолын колхозда жұмысшы болып бастайды. Әке мен ананың еңбеккештігін бойына сіңіре білген Дайрабай ақсақал Сыр елінің басты байлығы күріш дақылын егіп, ырысын молайтуға атсалысты. Одан кейін 1960 жылы «Дала академигі» атанған, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, даңқты күрішші Ыбырай Жақаевпен жұмыс жасайды. Кейіннен жүргізуші, комбайншы-механизатор болады. Қайрат-қажыры қара нарға жүк болар жігерлі жігіт от пен судың ортасынан шығып, ағысқа қарсы жүзіп, ауылдың өсіп-өркендеу жолында еселі еңбек етті. Міне, еңбегі бағаланып, «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 65 жыл», «Ы.Жақаев-120 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» және басқа мерекелік медальдармен марапатталған.
Дайрабай ақсақалдың көңілге түйгені мол, көзбен көргені де көп. Ол бекзат болмыстың да, имандылықтың да, үлкенділіктің де, ақыл-парасаттың да айқын белгісіндей тұғырлы тұлға. Бір шаңырақтың ақылды басшысы болып жүрген жанды ауылдастары ерекше құрмет тұтады, сыйлайды. Өмірі қиыншылығымен қоса қуанышқа толы болған қайсар мінезді Дайрабай аға бүгінде үлкен бір өніп-өскен әулеттің баталы қариясы. Зейнет жасында болса да, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, аға буын өнегесін бүгінгі жастарға үлгі етіп, оларды патриоттық, еңбексүйгіштікке тәрбиелеуде талмай қызмет етіп келеді.
Жары Әсия апамыз он жыл бұрын өмірден өткен. Үлкен үйдің қазыналы қариясына айналып отырған Дайрабай ақсақал 6 ұл-қызынан 23 немере, 22 шөбере сүйіп отыр. Елдің бірлігі де, тірлігі де осындай адал еңбек ететін мыңдаған азаматтардың іс-әрекетімен берік. Біздің жастарымыз соларға еліктеп өссе, кем болмайды. Қария – елдің берекесі. Олай болса батасы қабыл, айтқаны – ақыл Дайрабай аға секілді ардагерлерімізге Алла қуат берсін дегіміз келеді.
Шапағат Тілеубаев