ЕҢБЕК МАЙДАНЫНАН — ҚҰРМЕТТІ ДЕМАЛЫСҚА

Серік Саметұлы 1962 жылы 7 шілдеде Шиелі кентінде дүниеге келген. Білім алуды аяқтаған соң, алғашқы еңбек жолын теміржол саласында, Шиелі станциясында поездарды қабылдаушы ретінде бастаған. Сол кездің өзінде оның бойынан жауапкершілік, еңбекқорлық пен өз ісіне деген терең түсінік байқалды. 1984 жылы ол кәсіби өмірінде маңызды шешім қабылдап, уран өндіру саласына келді. Алғаш еңбек жолын СМУ-да ағаш өңдеуші, бетоншы қызметінен бастаған. Ол кезде бұл мекеме «Ленинабад тау-кен химия комбинаты» деп аталған, бүгінде ол – «ҰАК «Қазатомөнеркәсіп» АҚ, «РУ-6» ЖШС. Осы уақыттан бастап Серік Саметұлының тағдыры атом саласымен, ондағы еңбек адамдары мен өндірістік процестермен тығыз байланысты болды. «Қарамұрын» кенішінде ол геотехнологиялық ұңғымалар операторы ретінде еңбек етті. Бұл қызмет техникалық сауаттылықты ғана емес, сонымен қатар физикалық төзімділік, ұқыптылық және әр қадамның маңызын терең түсінуді талап етеді. Ал мұның бәрі Серік ағаның бойында бар еді. Ол – сенімді, сабырлы, өзіне талапшыл әрі өзгеге мейірімді жан болатын. Әріптестері оны ерекше құрметтеді, жас мамандар одан үйренуге тырысты, ал басшылық оның кәсіби шеберлігін жоғары бағалады. Көпжылдық адал еңбегі үшін ол бірнеше мәрте марапатталды. 2017 жылы – «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның 20 жылдық мерейтойлық төсбелгісімен, 2023 жылы – «Қазақстан Республикасының атом саласының еңбек сіңірген қызметкері» III дәрежелі төсбелгісін иеленді. Бұл марапаттар – оның уран өнеркәсібінің дамуына қосқан зор үлесінің нақты айғағы. Бірақ бұл белгілердің артында жай ғана еңбек тізімі емес, үлкен өмір жолы, табандылық, қарапайымдылық пен өз ісіне адалдық тұр. Бір сәтті бөліскім келеді – бұл оқиға менің жадымда мәңгі сақталады. 2023 жылдың қараша айы болатын. Қара суық қыс, бет қаратпас ызғарлы жел – тіпті Қызылорданың өзіне тән емес ерекше қатал ауа райы. Түнде электр қуаты өшіп, геотехнологиялық полигон тоқтап қалды. Жағдай өте қиын болды: ұзақ тұрып қалса, құбырлар қатып, өндірістік жоспар бұзылар еді. Бұл – тек қаржылық шығын ғана емес, бүкіл серіктестіктің абыройына соққы болар еді. Түнгі сағат үш шамасы. Мен учаскеге келгенімде, жұмыс істеп жатқан қызметкерлердің арасынан Серік ағаны бірден таныдым. Жасына да, ардагерлік мәртебесіне де қарамай, өзі тікелей бас болып, ауыр дене жұмыстарын атқарып жүр екен. Бұл оның ауысымы болатын – және ол өз ауысымына жауапкершілікпен қарады. Қасына барып амандастым. Әдеттегідей жылы жымиып, сөзсіз жұмысына қайта кірісті. Оның жүзінен мен еңбекпен келген әжімдерді, қақаған аяздан қатқан мұзды, бірақ соған қарамастан, жігер мен сенімділікті көрдім. Сол сәтте ойыма түскені, біздің өндірісіміз осындай жандарға арқа сүйейді. Олар тек еңбек етіп қана қоймай, бүкіл болмысымен өз ісін сүйеді, жауапкершілікті жүрекпен сезінеді, ешқашан шет қалмайды. Серік Саметұлы тек кәсіби маман емес, нағыз адамдық болмыстың үлгісі. Бұл тек өндірісте ғана емес, отбасында да көрініс тапқан. Жұбайымен бірге тәрбиелі, өнегелі ұрпақ өсірді. Қуаныштысы, қыздарының бірі әке жолын жалғап, техникалық білім алды. Мұндай ұрпақ сабақтастығы – кез келген ата-ана үшін үлкен марапат әрі еңбек абыройының ұрпақтанұрпаққа жалғасатынының дәлелі. Бүгін, Серік Саметұлы құрметті еңбек демалысына шыққан сәтте, біз онымен қоштаспаймыз. Қайта шынайы алғысымызды және ризашылығымызды білдіреміз. Ол – біздің ұжымның, тарихымыздың, абыройымыздың бір бөлшегі.
Н.АЛДАБЕРГЕНОВ,
«Қарамұрын» кеніші бас инженері