ТАБЫСТЫҢ КӨЗІ – АДАЛ ЕҢБЕК

Ботакөз балалық шағынан бастап шығармашылық пен білімге деген үлкен қызығушылық танытты. Ол Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжде хореография мамандығы бойынша білім алып, кейін «Болашақ» университетін тәмамдады. Оның өмір жолы кәсіби маман ретінде балаларға білім беріп, оларды өнерге баулуға мүмкіндік берді. Еңбек жолын 2010 жылы Шиелі ауданында «Кәусар» балабақшасында саз жетекшісі болып бастаған Ботакөз, білім беру саласындағы тәжірибесін ұштай отырып, 2011 жылдан бастап Ы.Жақаев ауылындағы «Балдырған» бөбекжайында саз жетекші қызметін жалғастырды. Бұл жұмыстағы жетістіктері мен кәсіби біліктілігі жоғары бағаланды. Білім беру саласына қосқан үлесі үшін ол бірнеше рет облыс және аудан әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталды. Алайда Ботакөз тек білім саласында ғана емес, кәсіпкерлік жолында да табысқа жетуді мақсат етті. 2013 жылы өзінің «Ай-Бек» жеке балабақшасын ашып, 17 адамды жұмыспен қамтамасыз етті. Бұл шешім оның кәсіпкерлік саласындағы алғашқы қадамы болды. Ботакөздің балабақшасы сапалы білім беру мен тәрбие саласында жоғары сұранысқа ие болып, үздік мекемелердің бірі атанды. 2017 жылдан бастап кейіпкеріміз отбасылық «Оразбек» шаруа қожалығын басқарып, мал шаруашылығымен айналыса бастады. Оның таңдауы сүтті бағыттағы ешкі өсіруге және ешкі сүтін өндіруге түсті. Ботакөздің осы саладағы еңбегі нарықта сұранысқа ие өнімдер өндірумен қатар, ауыл шаруашылығында тұрақты даму жолына түсті. Оның шаруа қожалығы жыл сайын сәтті дамып келеді, ал өнімдер жоғары сапасымен ерекшеленеді. Ботакөз Арқашбаеваның өмірі – адал еңбек пен табанды жұмыс арқылы жетістіктерге жеткен, білім мен кәсіпті үйлестіре білген әйелдің жарқын үлгісі болып табылады. Бүгінде ол тек кәсіпкер ретінде ғана емес, ауыл шаруашылығы мен білім беру саласының дамуына өз үлесін қосып келе жатқан тұлға.
Айнұр ИБРАШЕВА