Жырмен тербелген жүректер
Жақында 1 Мамыр ауылдық клубының ұйымдастыруымен қазақ поэзиясының мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойына арналған «Жырлайды жүрек» атты аудандық көркемсөз оқу байқауы өтті. Өнерсүйер қауымның басын қосқан тағылымды шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыру, ана тіліміздің байлығы мен көркемдігін насихаттау, сондай-ақ аудан көлеміндегі жас таланттарға қолдау көрсету.Шараның ашылу салтанаты ерекше әсерге толы болды. Сұлутөбе ауылдық клубының драма үйірмесінің мүшесі Жасұлан Бақтыбаев ақын бейнесін сомдап, Мұқағалидың «Шәмшіге арнау» өлеңін тебірене оқыды. Ал жас әнші Қаршыға Базархан ақын сөзіне жазылған әндерді әуелете шырқап, кештің шырайын кіргізді.
Байқауға ауданның 12 ауылынан іріктеліп келген үздік үміткерлер қатысып, өзара бақ сынады. Әр қатысушы сахна төрінде өлең сөздің құдіретін сезіндіре отырып, көрермен жүрегіне жол таба білді. Тартысты әрі тартымды өткен байқауда қазылар алқасына үлкен жауапкершілік жүктелді. Олар қатысушылардың мәтінді меңгеру деңгейіне, дауыс мәнері мен сахналық мәдениетіне, ең бастысы шығарманың ішкі мазмұны мен сезімін көрерменге жеткізе білу шеберлігіне ерекше назар аударды.
Байқау қорытындысы бойынша Тұрсынбай датқа ауылынан қатысқан Қали Меруерт бас жүлдені иеленді. Бәйгеқұм ауылының өнерпазы Шахизада Әлия І орынды жеңіп алса, Бала би және Ортақшыл ауылдарынан қатысушы Қайрат Шахизада мен Қалиев Ерназар ІІ орынға лайық деп танылды. Ал байсындық Ақұштап Еркебұланқызы мен Тартоғай ауылының қатысушысы Еркеназ Жанболатқызы ІІІ орын иегері атанды. Сонымен қатар байқауға қатысқан өзге де талапкерлер алғыс хатпен, дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Жырлайды жүрек» байқауы ауданның мәдени өміріне серпін беріп қана қоймай, сөз өнерінің қадір-қасиетін тағы бір мәрте айшықтады. Мұндай тағылымды шаралар жас ұрпақтың әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық руханиятымыздың дамуына өз үлесін қоса беретіні сөзсіз.
Мақпал Жусанбаева,
1 Май ауылы
1 Май ауылы







