Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өлеңмен өрілген өнер

Өлеңмен өрілген өнер

Қазақ поэзиясының мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай Қарғалы ауылында «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты аудандық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті. Рухани мәні зор шара жас буынның әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттырып, сөз өнерінің қадірін ұғындыруды мақсат етті.
Сайысқа аудан бойынша 18 ауылдан үміткерлер қатысып, ақын жырларын жатқа әрі мәнерлеп оқудан бақ сынады. Қатысушылардың сахна мәдениеті мен дауыс ырғағы, өлеңді жүрекпен жеткізу шеберлігі көрермен көңілінен шығып, әсерлі сәттерге толы болды.
Байқаудың шымылдығын ауыл әкімінің бас маманы Ғасырхан Мырзаханов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар Мұқағали Мақатаевтың бір өлеңін жатқа, мәнерлеп оқыды. Аталған сында үміткерлердің дауыс мәнері, сахнада өзін ұстауы, өлеңді сезіне білу қабілеті бағаланды. Ал екінші кезеңде Сыр өңірінен шыққан ақындардың шығармаларын жатқа оқу тапсырылды. Бұл кезеңде қатысушылардың жан-жақтылығы мен әдебиетке деген терең дайындығы айқын көрінді.
Байқаудың әділ бағалануына қазылар алқасы баса мән берді. Қазылар құрамында №241 Қ.Әбдіқадіров атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әлия ­Кесебаева, №31 филиал кітапханасының меңгерушісі Раушан Примбетова, аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторының орынбасары Гүлнәр Дүйсебаева болды.
Жыр додасының қорытындысы бойынша бас жүлде Бәйгеқұм ауылынан келген Әлия Шахизадаға бұйырды. І орынды Қарғалы ­ауылынан Патшайым Биманова иеленсе, ІІ орын Тұрсынбай датқа ауылынан Меруерт Қалиға табысталды. ІІІ орын Байсын ауылынан Дінмұхаммед Шайзада мен Еңбекші ауылынан Ботагөз Аманжолға берілді. Ал «Көрермен көзайымы» номинациясымен Бидайкөл ауылынан қатысқан Мереке Әлімханова марапатталды.
Іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына клуб үйінің басшысы ­Айымхан Ізтілеуова мен ұжым қызметкерлері елеулі үлес қосты. Сонымен қатар мектеп директоры Қанат Достияров, ауыл имамы Қуаныш ­Жорабеков кеш соңында бата беріп, қолдау білдірді.
Осындай тағылымды байқаулар арқылы жас ұрпақтың рухани дүниесі байып, ұлттық әдебиетке деген құрметі арта түсетіні анық. Мұқағали жырлары – мәңгілік мұра. Ал сол мұраны жүрекпен сезініп, көпшілікке жеткізе білген жас дарындар – ел болашағының жарқын кепілі.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
28 сәуір 2026 ж. 26 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№31 (9398).

28 сәуір 2026 ж.

№30 (9397).

25 сәуір 2026 ж.

№29 (9396)

21 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930