Жыр алыбына тағзым
Руханият төрінде жыр жаңғырып, сөз құдіреті салтанат құрған әсерлі кеш өтті. Қазақ поэзиясының заңғар тұлғасы Жамбыл Жабаевтың – 180 жылдығына арналған «Ұлт рухының ұлы жыршысы» атты аудандық байқау Шиелі жұртшылығына ерекше рухани серпіліс сыйлады. Аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен өткен шара жас дарындардың талабын ұштап, өнерін шыңдауға мүмкіндік берді.Жамбыл Жабаев – халық поэзиясының көрнекті өкілі, жыраулық дәстүрді ХХ ғасырға жеткізген бірегей тұлға. Оның жырларында ел тағдыры, ерлік рухы, халықтың мұңы мен қуанышы кеңінен көрініс тапқан. Ұлт руханиятының алтын арқауына айналған осындай мұраны жас ұрпаққа насихаттау – уақыт талабы. Осы мақсатта ұйымдастырылған байқау оқушылардың әдебиетке қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға жол ашты.
Өнер сайысына аудан мектептерінен 9-14 жас аралығындағы оқушылар қатысып, екі жас санаты бойынша сынға түсті. Қатысушылар 3 кезеңде өз білімдері мен шеберліктерін көрсетті. Алғашқы бөлімде ақын шығармаларынан үзінділерді мәнерлеп жатқа оқыды. Сахна төрінде әрбір талапкер сөз құдіретін сезініп, тыңдарманға әсер етуге тырысты. Дауыс ырғағы, сахна мәдениеті, мәтінді меңгеру деңгейі қазылар алқасының басты назарында болды.
Келесі кезеңде оқушылар ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап беріп, танымдық білімдерін дәлелдеді. Бұл бөлімде олардың ізденісі мен дайындық деңгейі айқын байқалды. Жас қатысушылар тарихи деректерді нақты айтып, Жамбыл поэзиясының мазмұнын терең түсінетіндерін көрсетті.
Шығармашылық бөлімде талапкерлер ақынға арнаған өз туындыларын оқыды. Жас жүректен туған жыр жолдарынан туған жерге деген сүйіспеншілік, елдік рух пен рухани сабақтастық анық сезілді. Бұл кезең байқаудың мазмұнын тереңдетіп, қатысушылардың жеке қабілетін айқындай түсті.
Қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар анықталды. Бас жүлдені Жасмин Ерланқызы иеленді. Бірінші орын Мерей Сұлтанова мен Аделя Жолдасбековаға бұйырды. Екінші орынды Аяла Серікқызы, Нұркелді Ерболұлы, Альбина Қылышбаева және Санжар Таубай жеңіп алды. Ал үшінші орын Мерей Оразәлі мен Мирас Тасболатовқа табысталды. Жеңімпаздар дипломмен және алғыс хатпен марапатталып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Тағылымды кеш жас буынның әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызын айқындады. Ұлы ақынның асыл мұрасы жас ұрпақтың жүрегінде жаңғырып, рухани сабақтастықтың жалғасарына сенім ұялатты.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ








