Топ-баннер
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨНЕ ЖӘДІГЕРЛЕР ТІЛ ҚАТҚАН КҮН

КӨНЕ ЖӘДІГЕРЛЕР ТІЛ ҚАТҚАН КҮН

Ұлт жады – ұлы тұлғалармен мәңгі жасайды. Уақыттың таразысынан өткен есімдер мен тарихтың тылсым тынысы Шиелі төрінде тоғысты. Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінің кеңістігі ұлттық рух пен елдік мұратты арқау еткен тағылымды кездесудің ордасына айналды. «Руханият» орталығы аясында жүзеге асқан «МУЗЕЙ TOUR: экспонаттар экспедициясы» жобасы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің 95 жылдық мерейтойына және ел жадында өшпес із қалдырған біртуар перзенттердің мерейтойларына арналған «Тарихта таңбаланған Әулиеата тұлғалары» атты көшпелі көрме арқылы көрерменді өткеннің өнегелі жолына жетеледі.
Көрменің негізгі мақсаты – Шиелі жұртшылығы мен қонақтарын ұлттық тарихымыздың асыл қазыналарымен қауыштыру, елдік пен ерліктің, өнер мен еңбектің символына айналған тұлғалардың өнегелі мұрасын дәріптеу, жас ұрпақтың тарихи санасын тереңдетіп, отансүйгіштік рухты нығайту. Ұйымдастырылған мәдени жоба тарихқа тағзым жасап қана қоймай, ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарды сіңіруге бағытталды.
Шара барысында алғашқы сөз аудандық мәслихат депутаты Нұргүл Шәлекееваға берілді. Ол өз сөзінде көшпелі көрменің тәрбиелік маңызына тоқталып, өңірлер арасындағы рухани байланысты нығайтатын мұндай жобалардың жастар үшін айрықша мәні бар екенін атап өтті. Ұлттың ұлылығы оның ұлы тұлғаларын танып, құрметтей білуімен өлшенетінін жеткізді.
Келесі кезекте Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Даңқ» залы ­Бауыржан Момышұлы музейінің меңгерушісі Құрманғазы Мыңжасарұлы сөз сөйлеп, көрменің мазмұны мен тарихи маңызына кеңінен тоқталды. Ол Әулиеата өңірінде туып, ел тарихының алтын қорына енген тұлғалардың өмір жолы бүгінгі ұрпақ үшін сарқылмас тағылым екенін айтты.
Салтанатты рәсім Нартай өнер мектебі өнерпаздарының әсерлі өнерімен жалғасын тауып, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады. Ұлттық әуендер мен сахналық көріністер көрменің мазмұнын тереңдете түсті.
Экспозицияда қазақ руханияты мен мәдениетінде өшпес із қалдырған тұлғалардың жеке заттары, сирек фотосуреттері, қолжазбалары, кітаптары мен мұрағаттық құжаттары ұсынылды. Қобыз өнерінің көрнекті өкілі Ықылас Дүкенұлының өзі жасап, өзі пайдаланған қобызы көпшілік назарын ерекше аударды. Қазіргі Ұлытау облысы Жаңаарқа өңірінде дүниеге келіп, Жамбыл облысы ­Сарысу ауданында мәңгілік тыныстаған күйші-қобызшы қазақтың дәстүрлі қобызшылық мектебін жаңа деңгейге көтерді. «Қоңыр», «Жез киік», «Айрауықтың ащы күйі», «Аққу», «Қорқыт» секілді күйлері арқылы халықтың жан дүниесін күй тілімен сөйлетті. Қасиетті аспап бүгінде Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы.
Сонымен қатар халық ақыны, әнші-композитор Кенен Әзірбаевтың шығармашылық мұрасы да көрмеде кеңінен таныстырылды. Пластинкалар, шығармалар жинағы, қолтаңбалы ноталар, домбырасы мен тұрмыстық заттары арқылы ақынның өнер жолы терең ашылды. «Көк шолақ», «Жайнады», «Балдай бол» әндері халықты бірлікке, жасампаздыққа үндеген кезеңнің айнасы іспетті.
Еңбек даңқын асқақтатқан тұлға – екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевқа арналған жәдігерлер де көпшілік қызығушылығын тудырды. «Алтын жұлдыз» медалі, қамшысы, шапаны мен кітаптары елге адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетті.
Қазақ өнерінің заңғар биігі – Асанәлі Әшімовке арналған бөлім көрменің мазмұнын байыта түсті. Атасы Ысқақ Пірәдәрдың құманы мен тәспісі, «Қыз Жібек» фильміндегі Бекежан батырдың тарихи костюмі, сахна мен кино өнерінде қолданған заттары актердің рухани әлемін айқын танытады.
Күй өнерінің көрнекті өкілі – Әбдімомын Желдібаевтың домбырасы, қолжазбалары, марапаттары мен шығармалары арқылы қазақ күй өнерінің бір дәуірі көз алдыңа келеді. «Ерке сылқым», «Өмір-дастан», «Төле би толғауы» күйлері халық жадынан өшпейтін асыл мұраға айналған.
Экспозицияның ерекше бөлімі – Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына арналды. Батырдың әскери сейфі, тактикалық карталары, әскери киімдері, қолжазбалары мен жеке заттары ерлік пен қайсар мінездің айқын көрінісіндей әсер қалдырды.
Ал экспозициядағы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы, тәуелсіздік тарихында айрықша орны бар Қайрат Рысқұлбековке қатысты мұрағаттық құжаттар мен фотосуреттер, өзі киген құлақшын мен мойын орамалы ерекше әсер етті. Бұл – жай ғана жәдігер емес, еркіндік үшін арпалысқан жас ғұмырдың үнсіз куәсі секілді. Әр суреттен, әр қағаздан қайсар рух, әділетке деген адалдық сезіледі. Сол бір сәтте музей қабырғасы тарих залынан гөрі ұлттың жүрек соғысы естілетін қасиетті кеңістікке айналғандай әсер қалдырды. Қайраттың тағдырына көз жүгірткен жан оның ерлігімен ғана емес, тазалығымен, шындық жолындағы құрбандығымен бетпе-бет келгенін сезеді.
Сондай-ақ тәуелсіз Қазақстан армиясының қалыптасуына үлес қосқан генералдар Есен Демесінов, Бақытжан Ертаев, Сейтжан Қойбақовтың қызметтік формалары, марапаттары мен фотоматериалдары ел қорғаны болған азаматтардың еңбегін айшықтай түсті.
Шара соңында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымына аудан әкімінің атынан алғыс хат пен арнайы сый-сияпат табысталды. Айта кетейік, «Тарихта таңбаланған Әулиеата тұлғалары» атты көшпелі көрме 2026 жылдың 23 ақпанына дейін Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінде жалғасады.
Осылайша, экспозицияда көрген әрбір жәдігер, әрбір сурет пен құжат санада ғана емес, жүректе ұзақ сақталады. Әулиеата топырағынан түлеп ұшқан ұлы тұлғалардың тағдыры мен тағылымы уақыт өткен сайын тереңдей түсетіні анық сезіледі. Көрме өткенді танытумен шектелмей, бүгінгі ұрпаққа үлкен жауапкершілік жүктейді. Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейіндегі рухани жүздесу әрбір келушіні елге адалдыққа, тарихқа құрметпен қарауға үндеген тағылымды сабақ ретінде есте қалды.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
20 ақпан 2026 ж. 61 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№13 (9380)

17 ақпан 2026 ж.

№12 (9379)

14 ақпан 2026 ж.

№11 (9378)

10 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728