АРЫС ӨРКЕНИЕТІ ШИЕЛІДЕ
Сейсенбіде «Руханият» орталығында орналасқан аудандық тарихи-өлкетану музейінде маңызды мәдени шара – «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорық музейінің көшпелі көрмесі салтанатты түрде ашылды. «Қазақ жеріндегі ежелгі өркениет үлгісі – Арыс мәдениеті» деп аталған көрмеде ел тарихындағы көне өркениет үлгілері насихатталып, Ордабасы өңіріндегі тарихи-мәдени мұраларды кеңінен таныстырылды.Көрмеде түрлі дәуірді қамтитын 100-ге жуық құнды жәдігер қойылды. Олардың қатарында қыш бұйымдар, тұрмыстық құралдар, археологиялық қазбалардан табылған көне заттар мен ұлттық мұралар бар. Бұл көрме – тек тарихшылар мен ғалымдар үшін ғана емес, өскелең ұрпаққа рухани азық, ұлттық сана мен танымды тереңдетудің бір жолы.
Ашылу рәсіміне мәслихат депутаты Нұргүл Шәлекеева, ардагерлер, мәдениет саласының қызметкерлері, сондай-ақ №127 мектеп-лицейінің оқушылары мен аудан тұрғындары қатысты. Оларға қорық-музей өкілдері «Археологиялық қазбалар» және «Қазақ хандығы тұсындағы Ордабасы мен тәуелсіздік жылдарындағы Ордабасы» тақырыптары бойынша жәдігерлермен таныстырды.
Шара соңында «Ордабасы» музейінің ұжымына аудан әкімінің атынан алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етіліп, тарихи мұраға деген құрметтің белгісі ретінде жылы лебіздер айтылды. Айта кетейік, көне мәдениет құндылығын көріп тамашалағысы келетін аудан халқы үшін көшпелі көрме он күн бойы қызмет көрсетеді.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ,
сурет автордікі
сурет автордікі







