Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көрменің кереметі – көрерменді көңілді етті

Көрменің кереметі – көрерменді көңілді етті




Қызылорда облысының тарихи өлкетану музейінде сәуір айының 8-і күні «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрмесі ашылған болатын. Аталмыш көрме осыған дейін Түркістан, Атырау, Ақтөбе облыстарында, Алматы, Шымкент қалаларында ұйымдастырылған. Өткен аптада Елбасы кітапханасының көрмесін тамашалауға арнайы Шиелі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейі және Н.Бекежанов атындағы өнер мемориалдық музейінің мәдениет қызметкерлері барып қайтты.
Ауданнан барған мәдениет қызметкерлері Тұңғыш Президенттің өміріне қатысты құнды мұрағаттармен танысты. Жылжымалы көрме негізінен «Елбасы жолы», «Елбасы феномені», «Әлем таныған Елбасы», «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» атты төрт бөлімнен тұрады. «Елбасы жолы» бөлімі Елбасының балалық шағынан бастап, өмір кезеңдерінен сыр шертсе, «Елбасы феноменінде» Семей ядролық полигонының жабылуынан бастап, мемлекет астанасын ауыстыру идеясын жүзеге асыруға дейінгі тарихи маңызы бар шешімдер мен бастамалар арқылы көрініс тапқан. «Әлем таныған Елбасы» бөлімінде Н.Назарбаевтың еңбегін таныған шетелдік мемлекет және үкімет басшыларының жеке құрметі айқын көрінеді. Ал, соңғы «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесінде» Н.Назарбаевтың мемлекеттік марапаттары ұсынылған. Сонымен қатар көрмеде Елбасы кітапханасының музей, кітапхана, архив қорларының материалдары көпшілікке ұсынылып, мемлекет басшылары, қазақстандық авторлар сыйға тартқан құнды кітаптар мен Елбасының өзге тілдерге аударылған туындылары қойылған. Әр жылдағы тарихи сәттердің фотосуреттері, төс белгілері мен ордендерінің қаз-қатар тізіле орналасуы тарихтан үзік сыр шерткендей болды.
Көрме ұйымдастырылып жатқан Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлерінің айтуынша келушілер легі толастамай тұр. Иә, көрме шынында тамаша таңданыс туғызғаны анық.

Ф.КЕНЖЕШОВА.
07 маусым 2019 ж. 982 0