Ұмытылмас бір күн
«Жергілікті әйелдер кеңестері жұмысын дамыту және отбасы мен неке құндылықтарын насихаттау бағытында шараларды ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында «Шиелі ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ауданның ардагер аналары Қызылорда қаласына «Ұмытылмас бір күн» атты саяхат жасады.
Аудан әкімі сәтті сапар тілеп шығарып салған саяхат көңілді нотада басталды. «Шиелі ауданының құрметті азаматы» атағы бар, клуб жанынан құрылған «Ақ тілекті әжелер» ансамблінің жетекшісі Қалияш Тұрсынова баянда ойнап, ақ жаулықты аналарымыз қосыла ән шырқап, тіпті би де биледі. Жасы 80-ге таяп қалған Қалтай әжеміз 2 сағаттық жолда тізе бүкпей ән шырқағанда саяхатшылар нағыз күміс көмей, жез таңдай әнші екен деп таңданысып жатты. 45 ардагер ана Қызылорда қаласындағы облыстық музейді аралап, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасының көшпелі көрме жобасы аясындағы «Н.Назарбаев: Дәуір, тұлға, қоғам» көрмесімен және қаланың көрікті жерлерімен танысты. Аталмыш көрме төрт бөлімнен тұрады.
Аналар «Елбасы жолында» атты Н.Назарбаевтың өмір жолы, «Елбасы феномені» бөлімінде Семей полигонының жабылуы арқылы әлем таныған басшы, «Әлем таныған Елбасында» әлемдік абыройы, «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» бөлімінде Президентімізге табыс етілген марапаттарды тамашалады. Көшпелі көрменің куәгері болған аудан аналары керемет күннен естелік ретінде суретке түсті. Қалалық дәмханадан түскі ас ішіп, қайтар жолда Бәйгеқұмның қымыранынан дәм татқан саяхатшылар осындай игі істің басы-қасында жүрген «Шиелі ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Шамшат Оразымбетпен саяхат әсерімен бөлісіп, алғыстарын жаудырып жатты.
Назерке Мұхамедиярова.