Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жауһар жырдың Жамбылы

Жауһар жырдың Жамбылы


Сәрсенбі күні Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында және халық ақыны Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына арналған «Тыңда дала Жамбылды» атты облыстық жыршы-термешілер фестивалі өтті. Оған Қызылорда облысы мен барлық жеті ауданнан жыршы-термешілер жиналды.
Іс-шараның мақсаты ұлттық өнерімізді сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу. Еліміздегі жыршылық, термешілік дәстүрді жалғастыру, халық шығармашылығын қолдау, елін сүйген ақынның шығармашылығын өскелең ұрпаққа үлгі ету болды. Фестивалдің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов дәстүрлі өнерімізді насихаттап жүрген жастардың қатыры көбейіп келе жатқаны көңіл қуантатындығын тілге тиек етті.
– Домбыраны серік еткен жастар бабаларымыз мирас етіп қалдырған төл өнерімізді кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттауға сүбелі үлес қосып келеді. Көмейіне бұлбұл ұялап, әуені көкке әуелеген дәстүрлі өнерді ұлықтаушылар аз емес. Өткеннің өнегесін бүгінгі ұрпаққа өлеңмен, жыр-термемен тарту етіп келе жатқан шоқтығы биік жыршы-термешілердің қатарында Айдос Рахметов, Ақмарал Ноғайбаева, Шолпан Бимбетова, Майра Сәрсенбаева сияқты өзіндік мақамы бар жыршы-термешілерді жастарға үлгі етуге болады, – деді А.Есмаханов. Сондай-ақ, жыраулық өнерді насихаттауға келген барша термешілерге жылы лебізін білдірді.
Облыстық жыршы-термешілер фестивалін есімі елге белгілі жыршы, Марат Сүгірбай жүргізді.
Тектілік тамырын тереңнен тартқан топырақ осылайша талай талантты жыр бесігінде құндақтады. Жамбыл – қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршысы. Ғасырдың Гомері атанған оның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы атанды. Оның артында өшпейтін мол мұрасы қалды. Жыршы-термешілер бірінші кезеңде ақынның шығармашылығынан, екінші кезеңде Сыр бойында өмір сүрген сүлейлердің жыр-термелерін орындады. Екі кезеңнен тұрған сайыста өнерпаздар алдымен Жамбыл Жабаевқа арнау айтса, екінші кезекте оның мезгілінде орындаған жыр-термелерді нақышына келтіре жеткізді. Ертеректе жыршы-термешілер таңды-таңға ұрып жырлағаны белгілі. Көптеген қисса-дастандарды жатқа айтқан өнерпаздарды көрермендер ұйып тыңдады.
Міне, сол рухани қазынаны халық жадынан өшірмей, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші жыршы-термешілер сахнаның сәнін келтіріп, құлақ құрышын қандырды. Кеш соңында барлық қатысушыларға аудан әкімінің алғыс хаты табысталды.

Шапағат Тілеубаев
29 мамыр 2021 ж. 554 0