ТҰҒЫРДА ТАС МҮСІН ЕМЕС, ТАРИХ ТҰР
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында 18 сәуір – Халықаралық ескеркіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай, 20 – сәуір күні Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде «Тұғырда тас мүсін емес, тарих тұр» атты қисса-дастандарды орындаушылар арасында облыстық байқау өтті.
Қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрпын насихаттап, батырлыққа баулитын қисса-дастандарды орындау, оны ұрпаққа жеткізу мақсатында ұйымдастырылған байқауға облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының «Жыр» секторы бөлімінің басшысы, жырау М.Сәрсенбаева, аудандық қоғамдық-саяси «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Н.Пірімбет, аудандық «Оқушылар үйі» мемлекеттік мекемесі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Н.Ақтаев әділқазылық етті.
Байқау арқылы жастардың бойына патриоттық сезімдерді, құндылықтар мен ұлттық идеологияны бойға сіңдіру және оны насихаттауда тәрбиелік мәні зор фольклорлық жыраулар поэзиясы қашанда құнды. Қазақ құндылықты әркез жоғары қойып, өз тұғырынан түсірмеген. Осы мақсатта өткен байқауға жастар белсене қатысып, жыраулар поэзиясындағы батырлар жырын, қисса-дастандар мен лиро-эпостық жырлардың мәнін түсініп, тебірене орындады.
Байқау нәтижесі бойынша бас жүлдені қызылордалық Бексұлтан Орынбасаров, І орынды қармақшылық Малика Алдамжарова, ІІ орынды аралдық Жансая Файзуллақызы мен қазалылық Өмірзақ Жанболат, ІІІ орынды аралдық Абылайхан Бектасов пен жерлесіміз Бекзатхан Әбдумажитов және қызылордалық Динар Рахман жеңіп алды. Сонымен бірге барлық қатысушылар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ақбота БАЯНБАЙ