Қарусыз қаһармандар
Сейсенбі күні Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде «Желтоқсан оқиғасына» 35 жыл толуына орай «Қарусыз қаһармандар» кітабының тұсаукесер рәсімі мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Желтоқсанның алауы – Тәуелсіздік бастауы» атты іс-шара өтті. Шараға қатысушылар шаһид болған желтоқсан құрбандарын 1 минут үнсіздікпен еске алып, желтоқсан оқиғасы жайлы түсірілген бейнероликті тамашалады. Аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов жылы лебізін білдіріп, желтоқсаншылардың көзсіз батырлығы мен ел тәуелсіздігін алуға қосқан үлестері орасан екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар ауданнан шыққан желтоқсаншыларға алғыс хат табыстады. Мұнан соң облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Уәлихан Ибраев сөз алып, тарихтан дәйектеме келтірді. Кештің көркін келтіріп, М.В.Ломоносов атындағы №47 мектеп-лицейінің бүлдіршіндері патриоттық тақырыпта өлең оқыды. «Қарусыз қаһармандар» кітабының лента қию құрметі аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмахановқа, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі сатирик Нұрмахан Елтайға, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Уәлихан Ибраевқа берілді. Кітапты құрастырған Бекболат Әбуов кітап туралы қысқаша анықтама берді. Кейін Нұрберген Оспановтың орындауында Нартай ақынның «Өздерің білер Нартаймын» термесі, Жамбыл Дүйсенбаевтың «Тәуелсіздікке тарту», №228 орта мектеп оқушысы Ернар Қалмырзаев көркемсөз, Мұхит Әбенов «Қазақ елі» әнін орындады. Кеш соңында желтоқсаншылар 1986 жылғы оқиғаны еске алып, азды-көпті дүниелермен бөлісті.
А.Мұратқызы