Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас ақындардың жыр кеші

Жас ақындардың жыр кеші

30 қазан күні Шиелі аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Киелі мекен – Шиелі екен» атты жас ақындар жыр мүшәйрасы өтті.
Ауданның 95 жылдығына орай өткізілген шараға №45, №46, №48, №127, №219,№244, №270 мектеп оқушылары бақ сынап көрді. Олар жергілікті ақын жазушылардың Шиелі туралы жазған шығармаларын жатқа мәнерлеп оқыды. Ақындардың көрсеткен өнерлері қалың көрерменнің көңілінен шықты. Әрбір айтқан өлеңді сезініп оқитындары байқалып тұрды.
Оқушыларымыздың жырларын Шиелі аудандық балалар кітапханасының менгерушісі Гулзира Қоңратбаева, №244 Ы.Жақаев орта мектебінің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Самал Әуезханова, кітапханашы Перуза Түлкібаева әділ бағалады.
Аталған шара екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде, қатысушылар өздерінің жүрек түкпірлерінен жарып шыққан, жан бұлқынысынан пайда болған жырларын ауданның 95 жылдығына арнаса, екінші кезеңде талапкерлер жергілікті ақын-жазушылардың Шиелі туралы жазған шығармаларын жатқа мәнерлеп оқыды.
Сыр мен сезімге толы байқаудың нәтижесі бойынша, бас жүлдені №48 Ә.Қоңыратбаев атындағы мектеп-лицейдің 6 сынып оқушысы Дарын Қалдыбай иеленсе, ал аудандық окушылар үйінің «Жас әдебиетші» үйірмесінің мүшесі Кәусар Тұрғанбай, №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының 5 «Б» сынып оқушысы Әсемай Жандосқызы, №127 Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-лицейінің 8 «В» сынып оқушысы Кәусар Жолдасбек І дәрежелі дипломмен марапатталды. ІІ орынды №244 Ы.Жақаев атындағы орта мектебінің 6 «Б» сынып оқушысы Шырақ Ералиева, №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы мектеп-лицейінің 6 сынып оқушысы Шыңғысхан Қарынбай, №45 «Ақ-Орда» мектеп-гимназиясының 5 «Б» сынып оқушысы Ақзере Махмут жеңіп алды. ІІІ дәрежелі диплом иегерлері №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы мектеп лицейінің 6 сынып оқушылары Нұрсезім Мәріпова және Айзере Айдархан, №48 Ә.Қоңыратбаев атындағы мектеп-лицейдің 6 сынып оқушысы Кәусар Қайратқа бұйырды.
Балаларға рухани тәрбие беретін аудандық балалар кітапханасының жүйелі жұмыстары өте көп. Оқырман талғамынан шығатын кітап қорын көбейтіп, ішкі жүйені заманға сай жетілдіруде. Қуыршақ үйірмесімен қатар іс-шараларды белсенді ұйымдастырады.
Бұл дегеніміз – кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы – кітапханашылардың орасан еңбегі.
Мінекей, жыр мүшәйрасының да маңыздылығы ерекше. Осының барлығы туған тілге құрметіміз, Отанға деген махаббатымыз, көркем әдебиетке, оның ішінде поэзияға деген құштарлығымыз, өлең сөзінің құдіреті мен қуатын жанымен сезінетініміздің дәлелі.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
31 қазан 2023 ж. 418 0