Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сатира саңлағымен кездесу

Сатира саңлағымен кездесу

Бұрнағы күні Шиелі аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен қаламгер, ақын, жазушы, ­сатирик, журналист Нұрмахан Елтаймен кездесу кеші өтті.
Шара барысы жазушының өмірдерегімен басталды. Кездесуге №244 Ы.Жақаев атындағы орта мектептің 5,6-cынып оқушылары белсене қатысты. Кітапхана қызметкері Перуза Түлкібай оқушыларға арнайы жазушы-сатирикке дайындаған «Сатира сайыпқыраны» атты көрмені таныстырды.
Кештің бірінші бөлімінде қаламгердің өмірбаяны баяндалды. Одан әрі Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Н.Елтаймен «Сырлы сұқбат» жүргізілді.
«Сырлы сұқбат» айдарында оқушылар шынайы әрі қызықты сауалдарын қойды. Адам баласының өміріндегі ең тәтті кезең балалық шағы мен мектептегі қызықты естеліктерді айта отырды. Содан кейін Айнұр Ибрашева ақынның «Пәрөл» атты сатирасын оқып, оқырмандарға ерекше әсер қалдырды.
Кездесу ортасында журналист балаларға жұмбақ жасырып, кешті қызықтырды. Қаламында қуаты, сиясында сарқыты бар ақжүрек жанның балаларға деген мейірімі ерекше көрініп тұрды. Кітапхана ұжымына Оспанхан Әубәкіровтің «Қағаз қалпақ» пен «Жабақ туралы әңгімелер» атты екі кітабын сыйға тартты.
Шараның соңында Шиелі аудандық балалар кітапханасының бөлім меңгерушісі Гүлзира Қоңыратбаева Нұрмахан Елтайға зор құрмет көрсетіп, жылы лебізін білдірді. Бұл кездесуге тамаша дайындықпен келген оқушыларды кітапханаға баулып, білім нәрімен сусындатып жүрген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ­Самал Әуезханова мен оның оқушылары да алғыс хатпен марапатталды. Қаламгер өз кезегінде жиналған қауымға ризашылығын білдіріп, оқушылармен естелік суретке түсті.

Айнұр Ибрашева
09 қараша 2022 ж. 488 0