Сатираның сайыпқыран сарбазы
Аптаның сәрсенбісінде аудандағы орталық кітапханада ішкі саясат және «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Шарайна-Сейхун» газетінің директоры Нұрмахан Елтаймен кездесу өтті.
Нұрмахан Елтай – аудандағы жалғыз «Жазушылар одағының мүшесі». Журналистер одағының мүшелігінде тағы бар. «Ақпарат саласының үздігі», Республикалық Б.Қыдырбекұлы атындағы сыйлықтың лауреаты Н.Елтай 1953 жылы 28 қыркүйекте Жаңақорған ауданына қарасты Қандөз ауылында дүниеге келген. Бірнеше сатиралық және деректі кітаптардың авторы. “Жайма базар” жинағы мен “Қатырамыз”, “Сүйінші дайындаңыздар”, “Қияға қонған қыран”, “Ауылдың айтқыштары”, “Япырай, бұл қандай қызық?!”, «Беті бүлк етті», «Үшінші тайм», «Беласар», «Сыпыра сыйлық», Сыр өңірінің еңбеккерлері туралы «Жаңарған өлкенің жасампаз ұрпағы», «Жәннат жер, Жайсаң жандар» атты деректі мақала, эссе жинақтарын, «Сөз семсері» атты мезгіл мәселелерінің мәнісін баяндаған сын-пікір, сараптамалық кітаптарын көзі қарақты оқырман біледі.
Аудандық «Жаңақорған тынысы», «Көк ине» газеттерінің, «Түрлі-түрлі бастар бар» сатиралық беттерінің редакторы қызметін атқарған сатирик-жазушы «Сыр бойы» газеті үшін 20 жыл Жаңақорған және Шиелі аудандарының тіршілігін талмай жазды. Көпті көрген, ортасына сыйлы, аузы дуалы азамат 2013 жылдан бері «Шарайна-Сейхун» аймақтық газетінің редакторы. Қоғамдағы келеңсіз олқылықтарды астарлы әзілмен өрнектеген сын туындылары бар сатирик 1000-ға тарта очерк пен мақаланың авторы. Жазушы агрономия саласында білім алып, осы мамандықпен қызмет те атқарған. Туындылары арқылы спортшыларды насихаттап, дамыту үшін аянбай еңбек еткен.
Кездесуде аудандық әуез және Нартай өнер мектебінің жастары ән төгілтіп, кеш көркін қыздырды. Жазушыға аудандық ішкі саясат бөлімі және «Жастар ресурстық орталығы» ұжымы атынан арнайы алғыс хат табысталып, құрмет көрсетілді. Сан сұраққа тұшымды жауап ала білген кеш қатысушылары жазушыдан авторлық қолтаңбасымен кітап та алды. Аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбет пен облыстық «Кызылординские вести» басылымының Шиелі-Жаңақорған аудандарындағы меншікті тілшісі Мақсұт Ибрашев қатысқан бұл кеште шығармашылық иесі туралы тағылым-тәрбиелік астары бар әңгімелер айтылды.
«Өскен өңір» ақпарат