Көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті
Өткен аптада Ы.Жақаев ауылдық мәдениет үйінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әдебиетші, сыншы, ақын Әбділда Тәжібаевтың 110 жылдық мерейтойына арналған «Поэзия патшасы» атты аудандық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті.
Шараны ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі М.Айымқұлов ашып берсе, қылқобызшы Р.Қалымбетова Ықыластың «Кертолғау» күйін күңірентіп, қатысушыларды қобызымен тербеп алды.
22 ауылдық округтен келген көремсөз оқу шеберлері бірінші тақырыбын Ә.Тәжібаевтың шығармашылығынан таңдаса, екіншісін өздері қалаған ақынның патриоттық тақырыптағы туындыларын таңдады. Көркем сөз – эстетикалық мәні күшейтілген, әсерлі әрі бейнелі сөз. Болмысты әсерлеп, өрнектеу құралы. Бұл терминді А.Байтұрсынұлы енгізген. Ал сөз құдіретін ақын А.Құнанбайұлы «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Кестенің бізі, өткірдің жүзі, өрнегін сендей сала алмас» деп бағалаған. Байқауда қатысушылардың таңдаған өлеңдерімен қатар, сахна мәдениетіне де назар аударылды.
Байқауда бірі сөзінен шалынса, бірі тақырып таңдаудан жаңылды. Ал бірі асығыстық танытып, мәнерін жоғалтты. Електен өткен ұн секілді мықтылар мықтылығын дәлелдеп, жүлделі орынға ілініп, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлдені Ы.Жақаев ауылының тұрғыны Б.Шахизадаева алса, І орынды Ортақшыл ауылынан келген Е.Қалиев иеленді. ІІ орынға майлытоғайлық Ш.Сағатбек пен Досбол би ауылының талапкері Ш.Тәшім лайықты деп танылды. ІІІ орынға қарғалылық Б.Болатова, жиделіарықтық Ш.Әлімбай және Нартай ауылының тумасы Р.Қалдыбекұлына бұйырды.
Е.ДАТҚА