Көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өтті
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Туған жер» қоғамдық қозғалысы» қауымдастығының ұйымдастыруымен көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өтті.
Оған Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласынан іріктеу турынан өткен жоғары сынып оқушылары және жоғары және арнаулы орта оқу орындарынан 14-22 жас аралығындағы 17 талапкер қатысты.
Қатысушыларды Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Дариха Сәрсенова бастаған қазылар алқасы бағалады.
Байқау қорытындысы бойынша Сырдария ауданынан келген Хантемір Амангелдиев І орынды жеңіп алды. Байқоңырлық Айдана Ғалымжанова және қызылордалық Арайлым Теңізбай ІІ орынды еншіледі. Ал «Абылайхан» атындағы жоғары колледжінің студенті Елдар Есенгелдиев, Қызылорда қаласындағы №187 орта мектеп оқушысы Аружан Санақұлова, Жаңақорған ауданынан қатысқан Икрам Нұрсұлтан ІІІ орынды жеңіп алды.
Байқау жеңімпаздары басқарманың дипломдарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.