Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ХАЛЫҚ АЛҒЫСЫ – ЕҢ ҮЛКЕН МАРАПАТ

ХАЛЫҚ АЛҒЫСЫ – ЕҢ ҮЛКЕН МАРАПАТ

Қай кезеңде де адам денсаулығын қорғау ісі қоғамдағы ең маңызды салалардың бірі болып қала береді. Өйткені халықтың саулығы – елдің басты байлығы. Осы жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген медицина қызметкерлерінің еңбегі қашанда құрметке лайық. Әсіресе ауылдық жерде еңбек ететін ақ халатты абзал жандардың қызметі ерекше бағалауды қажет етеді. Олар күн мен түнге, ауа райының қолайсыздығына қарамастан тұрғындардың денсаулығын сақтауға үлес қосып, дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін аянбай еңбек етеді.

Нартай ауылындағы дәрігерлік амбулатория ұжымы да осы игі міндетті мінсіз атқарып келе жатқан білікті мамандардан құралған. Солардың қатарында өзінің іскерлігімен, адамгершілігімен және кәсіби жауапкершілігімен көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрген жас мейіргер Назарбек Досболов бар. Назарбек Қызылорда медициналық колледжін тәмамдаған соң туған ауылына оралып, еңбек жолын осы ауылдық амбулаторияда бастады. Жас маман үшін еңбек жолының алғашқы баспалдағы туған жерден басталуы үлкен жауапкершілік жүктегені анық. Себебі ауыл тұрғындарының сеніміне ие болу оңай емес. Алайда ол аз уақыттың ішінде өз ісіне деген адалдығы мен еңбекқорлығының арқасында тұрғындардың құрметіне бөленіп үлгерді. Медицина саласында кәсіби біліммен қатар науқасқа деген жанашырлық пен мейірімнің де орны ерекше. Бұл қасиеттер Назарбектің бойынан анық байқалады. Ол әрбір науқастың жағдайына бейжай қарамай, олардың денсаулығына алаңдап, қолдан келген көмегін көрсетуге әрдайым дайын тұрады. Әсіресе егде жастағы қариялар мен күтімді қажет ететін азаматтарға ерекше көңіл бөліп, олардың денсаулығын тұрақты бақылауда ұстайды. Ауылдық жерде үй жағдайында медициналық қызмет көрсету маңызды бағыттардың бірі болып саналады. Осы орайда Назарбек күнделікті тұрғындардың үйлеріне барып, дәрігер тағайындаған ем-шараларды жүргізіп, қажетті медициналық кеңестер беріп келеді. Кейде шұғыл шақыртуларға да жедел жетіп, тұрғындардың алғысына бөленуде. Оның қарапайым мінезі мен адамдармен тіл табыса білу қабілеті науқастардың сенімін арттыра түскен. Жас маман кәсіби білімін жетілдіруге де ерекше мән береді. Денсаулық сақтау саласындағы жаңашылдықтарды меңгеріп, түрлі оқыту семинарлары мен біліктілікті арттыру курстарына қатысып келеді. Өйткені заман талабына сай медициналық қызмет көрсету үшін үздіксіз ізденіс пен білімді жетілдіру қажет екенін жақсы түсінеді. Бүгінде ауыл тұрғындары Назарбекті тек білікті маман ретінде ғана емес, елгезек әрі адамгершілігі мол азамат ретінде де бағалайды. Оның еңбегіне ризашылық білдіріп, ақ батасын беріп жүрген қариялар аз емес. Халықтың ықыласы мен алғысына бөлену – кез келген маман үшін үлкен марапат. Ал мұндай құрметке ие болу үшін адал еңбек пен шынайы қызмет қажет. «Адамға ең алдымен білім емес, тәрбие берілуі керек» деген қанатты сөз бар. Назарбектің бойындағы кішіпейілділік, ізеттілік, жауапкершілік сияқты қасиеттер оның отбасынан алған тәрбиесінің жемісі екені анық. Осындай өнегелі жастардың ауылда еңбек етіп, туған жердің дамуына үлес қосуы – қуанышты жағдай дейді Нартай ауылы әйелдер кеңесінің төрайымы Рәзия Ысқақова. Ауыл тұрғындары үшін медицина қызметкерлерінің орны қашанда ерекше. Себебі олар қиын сәтте қол ұшын созып, халық денсаулығы үшін аянбай қызмет етеді. Ел алғысына бөленіп жүрген жас мейіргер Назарбек Талғатұлының еңбегі әрдайым еленіп, кәсіби жетістіктері арта берсін. Халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген азаматтың алар асуы әлі де биік боларына сенім мол.

М.КЕҢЕСҰЛЫ
16 маусым 2026 ж. 47 0

Қоғам

АҚ ХАЛАТТАҒЫ МЕЙІРІМ
16 маусым 2026 ж. 59

PDF нұсқалар мұрағаты

№45 (9412).

16 маусым 2026 ж.

№44 (9411).

13 маусым 2026 ж.

№43 (9410)

09 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930