ҚАЛАҒАНЫ – ҒИМАРАТ, ҚАЛДЫРҒАНЫ – ӨНЕГЕ
Кей адамдар өмірін сөзбен емес, іспен жазады. Олар туралы архив ақтармай-ақ білуге болады. Олардың еңбегі көз алдыңда тұр, ізі – халықтың жүрегінде. Ғани Сейтомарұлы – дәл сондай жанның бірі. Оның ғұмыры қағазға емес, кірпішке, елдің игілігіне айналған нысандарға жазылған.1953 жылдың 9 қазанында Сыр бойындағы Шиелі жерінде дүниеге келген ол қарапайым ауыл баласы еді. Бірақ сол қарапайымдықтың өзегінде еңбекке деген құрмет, жауапкершілікке деген адалдық жатты. №47 М.В.Ломоносов атындағы қазақ орта мектебін 1971 жылы аяқтаған жас Ғани өз жолын айқын таңдап, құрылысшы болуды қалады. Өйткені құрылыс – тек мамандық емес, ол – болашақты тұрғызу, елге қызмет етудің нақты көрінісі.
Шымкент политехникалық техникумында алған білімі, Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетте жалғасқан кәсіби қалыптасу – оның осы жолдағы алғашқы берік қадамдары болды. Ал 1974 жылы Қарғалы қаракөл қой совхозында құрылыс шебері болып бастаған еңбек жолы оның өмірлік миссиясына айналды. Сол жылы ол әскери борышын өтеуге аттанып, Латвияның Елгава қаласында екі жыл қызмет етті. Әскер – мінезді шыңдайтын мектеп. Сол мектептен өткен Ғани Есімов елге оралғанда бұрынғыдан да мығым, бұрынғыдан да жауапты азамат болып қалыптасты. Кейін Қазақстан Республикасының 1999 жылғы №365 заңына сәйкес Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілуі – оның Отан алдындағы қызметінің жоғары бағалануы.
1976 жылдан бастап оның өмірі тұтастай Шиелі өңірінің құрылысымен астасып кетті. Жиырма жыл бойы аудандық құрылыс мекемесінде еңбек етіп, мастерден бастап учаске бастығына дейін көтерілді. Бірақ бұл тек қызмет сатысы емес, бұл – сенім сатысы еді. Әрбір тапсырылған нысан, әрбір аяқталған құрылыс – сол сенімнің дәлелі.
Бүгін Шиеліге барсаңыз, оның еңбегін сөзсіз көресіз. СПТУ-11, №219 орта мектеп, Бәйгеқұм ауылдық округіндегі 90 орындық балабақша, Ақмая ауылдық округіндегі №49 орта мектеп, Қарғалы ауылдық округіндегі №241 орта мектеп, Шиелі кентіндегі А.Байтұрсынов көшесіндегі 24 кв тұрғын үй, Ы.Жақаев көшесіндегі 18 кв, Водозобор, Хлеб завод, Жүргенов көшесіндегі 18 кв тұрғын үй, 9 кв тұрғын үйлер – уақыт сынынан өткен, талай ұрпақтың өмірімен сабақтасқан тірі тарих. Әр кірпіштің астарында бір адамның маңдай тері, бір адамның адал еңбегі жатыр десек, артық айтқандық емес.
Уақыт өзгерді, талап өзгерді. Бірақ Ғани Сейтомарұлы өзгерген жоқ. Ол үнемі еңбектің алдыңғы шебінде жүрді. 1996-2001 жылдары жылжымайтын мүлік саласында қызмет атқарып, жаңа бағытта өзін сынады. Ал аудандық мәслихат депутаты ретінде халық сенімін арқалап, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласты. 2001-2011 жылдары тексеру комиссиясын басқаруы – оның әділдік пен жауапкершілікке адалдығын айқындайды.
Қоғамдық-саяси өмірден де тыс қалған жоқ. Шиелі аудандық мәслихатының ІІ, ІІІ және ІV шақырылымдарының депутаты болып сайланып, халық сенімін абыроймен ақтады. 2001-2011 жылдары аудандық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы қызметін атқарып, жергілікті басқарау жүйесінің ашықтығы мен тиімділігіне үлес қосты. «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесі бюросының мүшесі, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы ретінде де белсенді жұмыс жүргізді.
Ол тек тәжірибемен шектелмей, білімін үнемі жетілдіріп отырды. Мәскеу, Алматы, Астана қалаларында өткен курстар мен семинарлар – оның «үйрену ешқашан кеш емес» деген қағиданы берік ұстанғанын көрсетеді. Ғани Сейтомарұлының еңбек жолындағы ерекше белес – ірі өндірістік жобаға қатысуы. ТМД елдерінде теңдесі жоқ, жылына 500 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін, тәулігіне 18 мегаватт электр қуатын беретін зауыт құрылысы – кез келген маманға бұйыра бермейтін жауапкершілік. 2011 жылдан 2020 жылдың соңына дейін «СКЗ-U» ЖШС-де күрделі құрылыс бөлімінің басшысы ретінде ол осы сенімді абыроймен атқарды.
Зейнет жасына жетсе де, қоғамнан қол үзбей, «Резалит» мекемесінде қызметін жалғастырып келеді. Сонымен қатар қоғамдық кеңес, ардагерлер ұйымы сияқты құрылымдардағы белсенділігі – оның елге деген жанашырлығының белгісі. Әсіресе пандемия кезінде қоғамнан шет қалмай, халықпен бірге болуы – азаматтық биіктігінің көрінісі.
Ғани Сейтомарұлының еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол көптеген мемлекеттік және қоғамдық марапатқа ие болды. Олардың қатарында батыр Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған құрмет белгісі, Шиелі ауданының мерейтойлық медальдары, «Семей полигонының жабылуына 25 жыл», «Қарулы күштерге 95 жыл», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл» медальдары, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі бар. Сонымен қатар «Қазақстанның құрметті құрылысшысы», Шиелі ауданының құрметті азаматы, Қызылорда облысының құрметті ардагері» атақтары – оның ел алдындағы еңбегінің айқын дәлелі.
Ал оның ең үлкен байлығы – отбасы. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, сегіз немере сүйіп отырған ардақты ата үшін бұл – ең үлкен бақыт, биік марапат.
Уақыт – үнсіз сыншы. Ол ешкімді алаламайды, бірақ әр еңбектің салмағын өз таразысымен өлшейді. Сол уақыттың тезінен өткенде, кейбір есімдер көмескіленіп, кейбір тағдырлар тасқа қашалғандай айқындалады. Ғани Есімовтің ғұмыры – дәл сондай айқын тағдырлардың бірі. Оның қолымен қаланған әрбір кірпіш, тұрғызылған әрбір нысан – жай ғана құрылыс емес, ол – елге деген сүйіспеншіліктің, маңдай термен келген адал еңбектің белгісі. Бәлкім, ертеңгі ұрпақ ол салған ғимараттардың қай кезде, кімнің қолымен тұрғызылғанын біле бермес. Бірақ сол үйлерде жанған шамдар, сол мектептерде білім алған балалар, сол көшелерде өмір жалғастырған адамдар – оның еңбегінің үнсіз жалғасы болып қала береді. Міне, нағыз мәңгілік деген осы.
Сұлушаш МАДИЯРОВА






