Мақтанның емес, мағыналы істің адамы
Оның еңбек жолы – бір қарағанда қарапайым ауыл маманының ғұмыры сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ сол қарапайымдықтың ішінде табандылық, жауапкершілік, азаматтық батылдық жатыр. Сырдария совхозында бас мал дәрігері болып жүрген жылдары ол тек мал емдеген жоқ, ауылдың ырысын сақтады. Совхоз жайлауының Сарысуда орналасуы, көктемгі төл алу науқанындағы қиындықтар – шаруашылық үшін үлкен сын еді. Буаз малды алысқа айдау, табиғаттың тосын мінезі, жол азабы – бәрі мал шығынын көбейтетін.
Міне, дәл осындай сәттерде нағыз маманның білімі ғана емес, мінезі де сыналады. Тілеубек Бабасов қиындықты тағдырға жаба салған жоқ. Ізденді, жаңашылдық енгізді, жұмысты жүйелеуге күш салды. Ұжыммен ақылдасып, ұйымдастырудың тың тәсілдерін қолданды. Соның нәтижесінде мал шығыны азайып, шаруашылықтың еңсесі тіктеле бастады. Бұл – есептің емес, еңбектің жеңісі еді.
Елге қызмет етудің келесі белесі – аудандық ветеринариялық станцияны басқару. 1996 жылдан бастап басшылық қызметке араласқан Тілеубек Бабасов үшін бұл – мансап сатысы емес, жауапкершіліктің жаңа деңгейі болды. Кейін аумақтық басқарма бастығы ретінде 10 жыл еңбек етіп, ауыл шаруашылығы басқармасын басқарды. Ол қай қызметте жүрсе де, креслоға емес, іске сүйенді. Себебі ол билікті бедел үшін емес, ел игілігі үшін құрал деп білді.
Оның еңбегі ескеріліп, Ұлттық аграрлық университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді. Ауданның «Құрметті азаматы» атанды. Бірақ оның болмысында атаққа мастану жоқ. Ол үшін ең үлкен марапат – халықтың сенімі. Өйткені шынайы құрмет қағазбен емес, жүрекпен беріледі.
Зейнет жасына жеткен соң да ол қоғамдық өмірден шет қалған жоқ. Жары Айсарамен бірге шаруашылықты дамытып, аудан халқын таза шұбат, қымыранмен қамтамасыз етті. Бұл – бейнеттің зейнеті ғана емес, еңбекке деген адалдықтың жалғасы. Қоғамға пайда келтіру – оның өмірлік ұстанымы.
Тілеубек Бабасовтың ел ішіндегі беделін айқындайтын бір ерекше қасиеті бар. Ол – сөз мәдениеті. Ащы шындықты әзілге орап жеткізу – кез келгеннің қолынан келмейтін өнер. Көп жағдайда біз турашылдықты желеу етіп, өзгенің көңіліне қаяу түсіріп аламыз. Ал ол болса, ауыр сынның өзін жұмсақ жеткізеді. Оның сөзі жүрекке қадалмайды, ойға қонады.
Ол ешқашан жеке мүддені алға шығармайды. Бірнеше жыл бұрын ауданның «Құрметті азаматы» атағы берілгенімен, олардың есімдері аллеядағы тақтаға жазылмай жүргені көпшіліктің көңілінде жүрген мәселе еді. Көп адам айтуға батпады. Ал Тілеубек Бабасов аудан әкімінің есеп беру жиынында осы мәселені батыл көтеріп, әділ шешімін тапты. Бұл әрекет – бір адамның ғана емес, тұтас буынның намысын қорғау еді. Өз абыройын емес, өзгенің еңбегін жоғары қою – нағыз азаматтықтың өлшемі.
Бүгінде ол аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, қоғамдық кеңестің белсенді мүшесі. Жиындарда елдің өзекті мәселелерін көтеріп, орынды пікір айтады. Оның сөзі – салмақты, уәжі – орнықты. Себебі ол өмірдің мектебінен өткен, тәжірибенің тезінен өткен жан. Кейіпкеріміз дәстүр мен жаңашылдықтың арасын жалғаған буынның өкілі. Кеңестік кезеңнің тәртібін де, тәуелсіздік жылдарының талабын да көрген. Сол екі дәуірдің тоғысында адаспай, елге қызмет етудің бір ғана жолын таңдады – адалдық жолын.
Қазақ «Ел – ағасыз, тон – жағасыз» дейді. Ел ағасы дегеніміз – тек жас үлкендігі емес, рух биіктігі. Ол – даудың емес, даудың алдын алатын ақылдың иесі. Ол – мақтанның емес, мағыналы істің адамы. Осындай ағалар барда елдің еңсесі түспейді.
Еңбегі елеулі ел ағалары – тарих кітаптарына жазылмаса да, халық жадында сақталатын жандар. Олар ұрпаққа құр сөз емес, нақты іс қалдырады. Тілеубек Бабасовтың ғұмыры – адал еңбектің, азаматтық ұстанымның, қарапайымдылықтың шынайы үлгісі. Уақыт өте береді. Бірақ елге сіңген еңбек, жүрекке ұялаған құрмет жоғалмайды. Осындай ел ағалары барда қоғамның тамыры терең, рухы биік болары анық.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ







