Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бітімі бөлек Бегман

Бітімі бөлек Бегман

Ол асыл да ізгі адамгершілік қасиет­тер­ді бойына сіңір­ген ұлағатты азамат еді. Өзінің адамгершілігімен, қайы­рым­ды­лығымен, адалдығымен және әділетті­ліг­і­­мен ерекшеленетін. Қарапайым да сыпайы киім киісі, мәдениетті сөзі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті, өз жұмысын жақсы меңгерген азамат ретінде білімі шәкіртке де, жұртшылыққа да өнеге бола білді. Жауапкершілік дей-тұғын бір ұғым бар. Оны сезіне білетін азамат болады. Міне, мен әңгіме етіп отырған Бегман нақ сондай азамат. «Қарғалы» қаракөл қой совхозының құрылуына, өркендеуіне мейілінше білімі мен білігін салған жазбамның кейіпкері өзінен кейінгілердің ұқсап өссем деген идеалы болды десем артық бағалағаным болмас. Менің бұл сөзімді Бегман Шамшиевтың замандас, әріптес достары және ізінен ерген інілері де қоштап ала кететіні айқын.
Сөзіме тұздық болсын, әріптестерінің бірі Раш Бәйділ­даеваның пікірін де келтіре кетейін: «Қарғалы қаракөл қой совхозы 1973 жылы құрылған болатын. Совхоз директоры болып Емел Бакиров тағайындалып, совхоздың жаңаруына басшылық жасады. Сонымен қатар бас бухгалтер қызметін Бегман Шамшиев ағай атқарған еді. Жаңадан құрылып жатқан совхозда барлық есеп-қисапты есептеп, барлық жағдайды жақсарту өте қиын еді. Сол қиындықты өзінің халық адамы екенін түсінген Бегман ағай бар күшін өзі қалаған қызметіне жұмсады. Ал өзім есеп айырысу қызметін атқарып, зейнетке шыққанша бір мекемеде жұмыс атқардық.
Қанша дегенмен қызмет барысында қиындықтар да болып тұрады ғой... Бегман ағай қашан көрсең де ақ көңіл мінезімен халықты баурап, қамқор болып жүретін еді. Сонымен қатар, өз жанұясында жайлы еді. Жан жары Айғаншамен бірге 3 ұл тәрбиелеп өсірді. Өмірдің қиыншылығы мен қызығын бірге бөлісті. Ұлдарын жақсы тәрбиелеп, оқытты. Жоғары оқу орындарын бітіріп, әр салада қызмет атқарады. Ағайдың әр сөзі, бейнесі әлі күнге дейін көз алдымызда тұрады...», – деп өз естелігімен бөліскен-ді әріптесі әрі келіні.
Жаңа шаруашылықтың, ел адамдары­ның тірліктері осы кісінің алдында шеші­летін. Жұмысына тиянақты, бір сөзді, уәдесін орындайтын кісі еді. Аудандық, облыстық деңгейдегі жауапты жұмыстарда тәжірибесі мен талабын ортаға сала білді. Ағайынгершілік пен таныс-тамырлықты титтей де болсын тілге тиек етпейтін. Барды бар деп бетке айтып, жоқты жанайқайымен жеткізген Бегман Шамшиев шындықтың шамшырағы да болды ғой. Салмақты, ауырлау қозғалатын, бірден ақтарылып кетпейтін, кейіндеу барып ойын айтатын Бегман істің адамы еді-ау. Жақсы ұстаздан ұстанымы бар шәкірт қалыптасады. Қалыптасып қана қоймай адымын анық басады. Жоғарыда айтып өткенімдей ізінен ергендердің ұқсап бағуға тырысатын тұлғасы бола білген қаржыгер ауданда осы саланың кадрын қалыптастыруда өз еңбегі бар. Қаржыгер болып қалыптасам дегенді қанатының астына алған ағасы жайында ақтарылған Бекмағанбет Ысқақовтың естелігі төмендегідей болды: «Мен де осы кісіге ұқсап өссем, ауылда бас есепші болсам деген арман болды. Алматы қаласындағы Халық шаруашылық институтын экономист мамандығы бойынша бітірген соң Бегман ағамыздың қарамағында есепші болып қызмет атқарудың жолы түсті. Бегман ағамыз бухгалтерияның қыр-сырын, оны меңгеру жолдарын және менің жақсы есепші ғана емес үлкен азамат болуыма көмегін тигізді. Иә, ол – ұстаз! Ұстазсыз өмірдің нақты тұтқасын ұстау мүмкін емес. Адамды тәрбиелеп, оны азамат атандырудың өзі бір үлкен күш, сондықтан да ұстаздың еңбегі – ұлы еңбек.
Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып тер төккен шопан да бәрі-бәрі ұстаздан тәлім алған. Сондықтан, мен Бегман ағамызды құрметті ұстаз деп бағалаймын». Мұның өзі Бегманның тек өзі біліп қана қоймай жастардың көзін ашып, дұрыс жолға салып тәрбиелеп, білікті ұстаз болғандығын айқындайды.
Отбасы тәрбиесіне де ерекше мән беретін. Ардақты жар, асқар тау тұлғалы әкенің артында қалған балалары өзін жоқтатпай келеді. Үлкен ұлы Бақдаулет жоғары білімді маман, бизнеспен айналысса, Ердаулет Мәскеу қаласында жоғарғы білім алып қазіргі таңда шет елде қызмет атқарып жүр. Рысдаулет болса Қызылорда қаласында судья қызметін абыроймен атқаруда. Міне, мұның бәрі жақсы әке тәрбиесі.
«Орнында бар оңалар» деп осындайды айтқан шығар. Дұрыс сөйлеп, ұтым­ды ұсыныс айтып, халқына сыйлы бола білген азаматтың ел алдындағы өз еңбегімен қалыптастырған абыройы еш төмендемейді.

Ұлман Мәміреева,
ауданның бибіпатыма анасы.
18 ақпан 2018 ж. 1 043 0