БАЛАЛАР СЫЙЛАҒАН МЕРЕКЕ
Жыл сайын осы мезгілде адам баласы – ананы ардақтап, оған деген алғысы мен шексіз құрметін білдіреді. Өйткені ана – өмірдің бастауы, тіршіліктің тірегі, мейірім мен махаббаттың мәңгілік қайнары. Осындай жүрекке жылу сыйлайтын мерекенің қарсаңында Еңбекші ауылындағы «Нұр-бөбек» бөбекжай-бақшасында «Ана – өмірдің шуағы» атты мерекелік ертеңгілік өтті.Балабақшаның дәлізіне кіргеннен-ақ мерекелік көңіл күй сезіліп тұрды. Әсем безендірілген зал, балалардың шат күлкісі мен аналардың толқыған жанары – бәрі де бұл күннің өзгеше екенін аңғартқандай. Өйткені осы кеш – бала жүрегіндегі ең таза сезімнің иесіне, яғни анаға арналған мереке еді.
Әдемі кештің алғы сөзі балабақша меңгерушісі Айна Манатбаеваға берілді. Ол жиналған қауымды мерекемен құттықтап, ананың қоғамдағы, отбасыдағы орны туралы жүрекжарды лебізін білдірді. Сонымен қатар бала тәрбиесінде ананың мейірімі мен өнегесінің орны ерекше екенін атап өтіп, барлық анаға амандық, отбасына береке мен шаттық тіледі.
Мерекелік шараның негізгі бөлігін «Күншуақ» ересек тобында тәрбиеленіп жатқан 21 бүлдіршіннің өнері жалғастырды. Олардың әрқайсысы сахна төріне шығып, аналарға деген сүйіспеншілігін өз өнері арқылы жеткізуге тырысты. Тәрбиешілері – Гүлжан Тәжмаханова мен Әсел Қаруаллаева бүлдіршіндердің өнерін шебер үйлестіріп, мазмұны терең, әсерлі бағдарлама әзірлеген.
Балалардың балғын дауыспен оқыған тақпақтары аналарға деген шынайы ықыласты айқын сездірді. Әрбір шумақтан бала жүрегіндегі мейірім мен алғыс лебі сезіліп тұрды. Сахнада орындалған ән мен би кештің көркін келтіріп, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Ертеңгіліктің әсерлі сәттерінің бірі – тақырыпқа сай қойылған шағын көрініс болды. Бүлдіршіндер ананың бала өміріндегі орнын, оның шексіз мейірімі мен қамқорлығын сахналық бейне арқылы әсерлі жеткізе білді. Қарапайым қойылымның өзінде терең мағына мен үлкен тәрбиелік мазмұн жатқаны байқалды.
Кеш бойы аналардың жүзінен қуаныш пен мақтаныш сезімі анық байқалды. Себебі әрбір ана үшін баласының өнерін көру, оның өзіне деген ықыласын сезіну – баға жетпес бақыт.
Мерекелік кештің ең әсерлі әрі жүрекке жылы тиген сәті соңында орын алды. Бүлдіршіндер өз қолдарымен жасаған ашық хаттары мен гүлдерін аналарына табыстады. Бұл сыйлықтардың әрқайсысында бала махаббаты мен шынайы ықыласы жатыр еді. Сол сәтте аналардың көзінен қуаныш пен толқыныстың ұшқыны байқалды.
Осындай тағылымы мол шаралар арқылы бала жүрегінде анаға деген құрмет, отбасына деген сүйіспеншілік қалыптасады. Балабақша – тек білім мен тәрбие беретін орын ғана емес, адамгершілік пен мейірімнің алғашқы мектебі. «Ана – өмірдің шуағы» атты мерекелік ертеңгілік – ананың қадірін ұлықтаған, бала мен ана арасындағы шексіз махаббатты тағы бір мәрте сезіндірген әсерлі кеш болды. Шынында да, ана – өмірдің шуағы, жүректің жылуы, адам баласының мәңгілік шамшырағы.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ








