АНАЛАРДЫ АРДАҚТАҒАН МЕРЕКЕ
Көктемнің алғашқы лебі сезіліп, табиғат түлеп, айнала жаңарып жатқан шақта жүректерге жылу сыйлайтын ерекше мереке келді. Ол – мейірім мен ізгіліктің, нәзіктік пен сұлулықтың символына айналған аналарды ардақтайтын күн. Осындай шуақты мереке қарсаңында Шиелі ауданында аяулы аналарға айрықша құрмет көрсетілді.Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен салтанатты басқосуда аудан әкімі Айтбай Жандарбеков аналарды көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, жүрекжарды тілегін айтты.
Жиын барысында аудан басшысы әйел затының қоғамдағы орны мен аналардың қадір-қасиеті жайында тебірене сөз қозғап, көктем мезгілі жаңару мен үміттің белгісі болса, әйел – сол көктемнің шуағындай әлемге мейірім мен жылулық сыйлайтын ұлы құдірет екенін атап өтті.
– Сіздерді жер бетіне жылылық пен жарық сыйлаған көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Әйел-Ана – өмірдің бастауы, тіршіліктің тірегі, отбасының берекесі. Мейірім мен махаббаттың нұрын төгетін де – сіздер. Нәзіктік пен парасаттың, сабыр мен даналықтың үлгісін бойына тоғыстырған аяулы жандарға қандай құрмет көрсетсек те артық емес, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар ол халқымыздың «Жәннат – ананың табанының астында» деген қасиетті сөзін тілге тиек етіп, аналардың ұрпақ тәрбиелеудегі өлшеусіз еңбегіне ерекше тоқталды.
Салтанатты жиында өмір жолы өнегеге толы, түрлі салада ұзақ жылдар еңбек етіп, ел дамуына үлес қосқан аналар марапат төрінен көрінді. Аудан әкімінің Құрмет грамотасымен білім саласының ардагері, 80 жасқа толған Ұлмекен Бекменбетова марапатталды. Аудан әкімінің алғыс хатымен 75 жастағы білім саласының ардагері Бақтыгүл Құрбанова, 70 жастағы аналар Разия Жолдиева, Ақжарқын Ерсайнова, Ұлман Палымбетова, Балтагүл Мыханова, денсаулық сақтау саласының ардагерлері Тұрсынкүл Қалекеева мен Ділбар Бриканова, сондай-ақ мемлекеттік қызметтен зейнет жасына шыққан Гүлназы Жүсіп пен Қызжан Оспанова марапатқа ие болды.
Алқалы жиында әйелдер кеңесінің төрайымы Найла Палымбет пен Шиелі кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлімбет сөз сөйлеп, аналарға деген құрмет пен алғысын білдіріп, ақжарма тілектерін жеткізді.
– Ана – отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның берекесі. Ұрпақ тәрбиесінде аналардың орны ерекше. Бүгінгі мерекеде аналарды ардақтап, құрмет көрсету – кейінгі буынға үлгі болатын игі іс. Барша аналарға зор денсаулық, отбасына амандық, береке-бірлік тілеймін, – деді Н.Әбілқасымқызы.
Сондай-ақ мерекелік шараға қатысушы аналардың бірі өз әсерімен бөлісіп:
– Осындай құрмет көрсетіп, аналарды ардақтап жатқан ел-жұртымызға ризамыз. Ананың еңбегін бағалау – ұрпаққа үлгі. Мұндай кездесулер бізге ерекше қуаныш сыйлайды, – деді Ұлмекен Бекменбетова.
Осылайша, салтанатты басқосу аудан өнерпаздарының әсем әндерімен жалғасып, аяулы аналардың көңілін еселей түсті. Бұл кездесу аналарға деген құрметтің айқын көрінісі болды.
Айнұр ИБРАШЕВА,
фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ
фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ








