Топ-баннер
Топ-баннер2
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көктеммен келген әсем мереке

Көктеммен келген әсем мереке

Көктемнің алғашқы шуақты күндері келгенде, табиғат жаңарып, гүлдер жайнап, көңілдерімізге жылулық сыйлайды. Сол нәзік сәттердің бірінде, Шиелі ауданының прокуратурасында ерекше мерекелік шара өтті. 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында асыл аналар мен арулар жиналып, құрмет пен жылы лебізге бөленді.
Аудан прокуроры Мейрамбек ­Маханбетжанов барша қатысушыларға шынайы алғысын білдіріп, әрбір ананы, әрбір аруды ерекше атап өтті.
– Қадірлі аналар мен арулар! Сіздер біздің қоғамымыздың тірегі, әр шаңырақтың берекесісіздер. Бала тәрбиесінде үлгі, отбасының жылулығы мен қоғамның тірегі – сіздер. Осы шуақты көктемде сіздерге мықты денсаулық, отбастарыңызға береке, әр күніңізге қуаныш тілеймін. Жан-жүректеріңіз әрдайым махаббат пен ізгілікке толы болсын, – деді аудан прокуроры.
Мерекелік шара барысында ақ жаулықты аналар өз ақ баталарын беріп, ізгі ниеттерін білдірді. Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил да сөз сөйлеп, барша қатысушыларға жүректен шыққан батасын арнады. Оның жылы, мәнді сөздері мерекенің мағынасын айшықтап, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.
Шараға аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев та қатысты. Ол нәзік жандарға деген шынайы құрметін білдіріп, олардың қоғамдағы және отбасыдағы рөлін атап өтті:
– Сіздер біздің ауданның рухани тірегісіздер. Отбасы мен қоғамдағы ең маңызды рөлді атқарып, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып келе жатқандарыңыз үшін алғысымыз шексіз. Бұл күн сіздерге қуаныш, жылылық пен шабыт сыйласын, – деді ол.
Салтанатты кеш концерттік бағдарламамен жалғасты. Аудан өнерпаздары ән айтып, аспаптарда ойнап, аналар мен аруларға арналған мерекелік көріністерді ұсынды. Әрбір шырқалған ән нәзік жандыларға арналған жылы лебізге, алғыс пен құрметке толы болды.
Шара соңында ардагер ұстаз аналар мен кәсіпкер аналар өз алғыстарын білдірді. Солардың қатарында ұлағатты ұстаз, Айжамал Әбдіхамитқызы да барлығына жылы тілегін жеткізді:
– Сіздердің әрбір іс-әрекетіңіз, әрбір мейірлі қимылыңыз қоғамымыз үшін баға жетпес құндылық. Жан-жүрегіңіздегі мейірім әр отбасыға береке әкеліп, балаларға дұрыс тәрбие мен бағыт береді. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен ізгі қасиеттеріңіз әрдайым есте қалуы тиіс. Барлығыңызға берік денсаулық, шаңырақтарыңызға тыныштық, жүректеріңізге қуаныш тілеймін. Өмірлеріңіз әрдайым гүлдей жайнап, әр сәтіңіз шаттыққа, жылы сөздерге және махаббатқа толы болсын, – деді күлімсіреп.
Көктемнің шуақты мерекесінде Шиелі ауданының прокуратурасы нәзік жандыларға ерекше құрмет көрсетті. Осындай шаралар қоғамдағы ізгілік пен сыйластықты арттырып, аналар мен қыз-келіншектердің қадір-қасиетін айқын көрсетеді.
Барша нәзік жандарға амандық, шаңырақтарына береке, жүректеріне қуаныш тілейміз. Әрдайым жүздеріңізден күлкі кетпей, өмірлеріңіз гүлдей жайнап, әр күніңіз мерекеге айналсын. Көктемнің нұры мен гүлдің иісі сіздерге әрдайым шабыт сыйласын, ал жақындарыңыздың махаббаты мен құрметі сіздерді әрқашан қуантсын.

Айнұр ИБРАШЕВА
09 наурыз 2026 ж. 25 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№18 (9385)

07 наурыз 2026 ж.

№17 (9384)

03 наурыз 2026 ж.

№16 (9383)

28 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031