ӘЙЕЛМЕН ӘЛЕМ ӘДЕМІ

Қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырза Әли «Төзіміңді берсе сенің темірге, Түгі кетпес темірдің де көмірге» деп әйелдердің төзімділігі мен күшін дәріптесе, Шиелі ауданында да еңбек ерлері арасында шоқтығы биік тұратын Әйел-Аналар бар. Олар даңқты күрішші Ыбырай Жақаевтың шәкірттері, 13 сәбиді дүниеге әкелген «Батыр ана» Ұлбала Алтайбаева, күріш өсірушілер арасында жаңашылдық пен мол өнім жинаудың шебері, «Дала аруы» атанған Заһира Ержанова, ғасырға жуық ғұмыр кешіп, еңбекке өмірін арнаған, трактор айдап, күріш еккен Шырынкүл Қазанбаева, майданға аттанған ерінің орнына қойшының таяғын ұстаған Айша Меңлібаева, алқапта жүріп аяғынан айырылса да, трактор тізгінінен түспеген қаһарман қыз Жадыра Таспанбетова. Бұл әйелдер тек қана еңбек ері болып қана емес, ерлік пен қажырлықтың, махаббат пен ана болудың шынайы үлгісін көрсеткен тұлғалар. Сонымен, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай аудандық мәдениет үйінде «Әйелмен әлем әдемі» атты мерекелік кеш өтті. Бұл күні мейірімділік, сұлулық, даналық пен нәзіктік салтанат құрды. Ауданның аяулы аналары мен қыз-келіншектері ерекше құрметке бөленді. Айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әннің бәрі-бәрі бұл күні асыл ана, адал жар, аяулы апа-қарындастар тақырыбында болды. Мерекелік кештің алғы сөзін аудан әкімі Айтбай Жандарбеков бастап, нәзік жанды әйелдер қауымын шуақты 8 наурыз мерекесімен құттықтап, олардың қоғамға қосқан зор үлесін атап өтті. Түрлі салада адал еңбек еткен ардагерлер мен белсенділік танытқан қыз-келіншектер облыс және аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Сонсоң арнайы аудан әкімінің ықылас гүлі тарту етілді. Бұл күн тек әйелдерге деген құрмет пен сүйіспеншіліктің белгісі ғана емес, қоғамдағы нәзік жандардың зор еңбегін, қайсарлығын бағалаудың белгісі болды. Әйелдердің қоғамдағы рөлі мен маңызы ешқашан ұмытылмайды. Бұл мереке – көктемнің алғашқы шуақтарымен бірге әйелдерге деген тағзым мен құрмет тұтуды тағы бір рет еске салғандай.
Сұлушаш МАДИЯРОВА